Жамбыл облысында Меркі аудандық ауруханасының бас дәрігері Мейрамбек Дәрменов ұсталды. Қазіргі уақытта ол Тараз қаласындағы тергеу изоляторында отыр, деп хабарлайды Arasha.kz сайты «Орда» агенттігіне сілтеме жасап.
Тергеу мәліметтері бойынша, ол ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінде («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе жұмсау») көзделген қылмысты жасады деп күдіктелуде. Тергеудің алдын ала нұсқасы бойынша, медициналық мекемеде көпмиллиондық қарыздар анықталған. Бұл берешектер 2023 жылы бюджет қаражатының артық аударылуынан пайда болған деседі.
Жалпы сома 32 миллион теңгеден асады, оның ішінде тергеу болжамы бойынша шамамен 22 миллион теңге бас дәрігердің есепшоттарына аударылған. Қазіргі уақытта барлық мән-жайлар анықталып жатыр.
Егер оның кінәсі дәлелденсе, күдікті мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.