Жақсылық Омарға айып тағылды

Бүгін, 17:06 / Қайсар Қалам
Сурет: gov.kz

Өскеменде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сот басталды. Ол ақпан айында ұсталған болатын, тергеумен Ұлттық қауіпсіздік комитеті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет айналысты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Істі қарау Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында өтіп жатыр. Процесс ашық режимде және қысқартылған тәртіппен жүргізіледі.

Сотталушы процесс аяқталғанша қамауда болады. Сот бұлтартпау шарасын өзгертуге ешқандай негіз таппады.

«Сотталушыға қатысты "күзетпен ұстау" бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылсын, мерзімі сот істі қарап біткенге дейін ұзартылсын», - делінген судьяның қаулысында.

Жақсылық Омарға Қылмыстық кодекстің бірден екі бабы бойынша айып тағылып отыр. Біріншісі - алаяқтық (190-бап, 3-бөлім), яғни алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқыру немесе оған құқық алу. Екінші бап - ірі көлемде пара алу (366-бап, 3-бөлім). Бұл - лауазымдық өкілеттігін пайдаланумен байланысты сыбайлас жемқорлық қылмысы.
 

Тэгтер:

сот тергеу Жақсылық Омар