Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев өзіне қарсы болған күштердің көп болғанын және саяси жолында түрлі қиындықтарға тап болғанын айтып берді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оның сөзінше, кезінде «қышлақтан келген адам қашан кетеді?» деген көзқарастағы адамдармен үлкен күрес жүргізуге тура келген. Сол кезеңдегі оқиғалардың бірі ерекше есте қалған.
Бір күні таңертең Өзбекстанға шетелдік президент келіп, Ұлықбек ескерткішіне гүл қоюы жоспарланған. Алайда таңғы сағат жетіге жақын президентке қабылдау бөлмесінен хабарласып, ескерткіштің басы алынып тасталғанын жеткізеді.
Бұл жағдай Мирзиёев үшін үлкен соққы болуы мүмкін еді. Себебі аз уақыттан кейін ресми делегация келуі керек, ал маңызды тарихи тұлғаның ескерткіші бүлінген күйде тұрған. Президенттің айтуынша, мұндай әрекет кездейсоқ емес, оның беделіне нұқсан келтіруді көздеген адамдардың ұйымдастырған ісі болған.
Ол дереу әрекетке көшіп, мәселені шешудің жолын іздейді. Сол сәтте газеттен оқыған бір оқиға есіне түседі: хирургия орталығында тұрған Ибн Сина ескерткішінің ішіне адамдар кіріп алғаны туралы жазылған болатын. Осыдан кейін ол сол ескерткіштің де гипстен жасалғанын болжап, мүсіннің басын уақытша қолдану идеясын табады.
Мирзиёев таныс мүсіншіні ертіп, таңғы уақытта аталған жерге барып, Ибн Сина ескерткішінің басын алып келеді. Кейін оны Ұлықбек ескерткішіне бекітіп, қысқа уақыт ішінде қалыпқа келтіреді.
Шамамен бір жарым сағат ішінде жұмыс аяқталып, президенттер келер сәтте ескерткіш толық қалпына келтірілген. Бұл жағдай қарсыластарының жоспарын жүзеге асырмай, олардың үмітін ақтамаған.
Мирзиёев бұл оқиғаны мысалға келтіре отырып, қазіргі жетістіктердің артында үлкен күрес пен қиындықтар жатқанын атап өтті.