Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті «andersonchik1» лақап атымен танымал блогер Ильяр Ювашевқа іздеу салды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ол елімізде тыйым салынған интернет-казино қызметін ұйымдастыруға көмектесті деген күдікке ілініп отыр.
Тергеу мәліметінше, Ювашев 2024–2025 жылдары Mellstroy-ға тиесілі заңсыз ойын ресурстарын басқаруға атсалысқан. Қылмыстық схеманы жасыру үшін 22 жалған компания тіркеліп, төлем терминалдары арқылы ойыншылардан 3,6 млрд теңгеден астам қаражат жиналған.
Сонымен қатар, агенттік Беларусь азаматы Андрей Буримге (Mellstroy) қатысты істі тергеуді жалғастыруда. Ол әлеуметтік желілерде челлендждер арқылы жастарды құмар ойындарға тартып, казиноны насихаттағаны үшін халықаралық іздеуде жүр. ҚМА бұл әрекеттердің қоғамға, әсіресе кәмелетке толмағандар арасында лудоманияның белең алуына тікелей әсер еткенін ескертеді.