Қазақстаннан тосын қадам: Иран бойынша келіссөздер Түркістанда өтуі мүмкін

Бүгін, 09:55 / Ахмет Қанатұлы
shutterstock.com

Қазақстан Иранға қатысты келіссөздерді өткізу үшін Түркістан қаласын ұсынуға дайын. Бұл туралы Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен Иран СІМ басшысы Аббас Аракчи арасында өткен телефон арқылы сөйлесу барысында белгілі болды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Келіссөз кезінде тараптар Таяу Шығыстағы ахуалды және екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Қазақстан тарапы Иран төңірегіндегі жағдайға алаңдаушылық білдіріп, бейбіт келіссөздер үшін өз аумағын ұсынуға әзір екенін тағы да растады.

"Қазақстандық тарап Түркістан қаласында бейбіт келіссөздер жүргізу үшін алаң ұсынуға дайын", – деп мәлімдеді Сыртқы істер министрлігі.

Сондай-ақ екі ел өкілдері өзара қарым-қатынастардың өзекті бағыттары бойынша диалогты жалғастыруға уағдаласты.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары кезінде Қазақстанның Таяу Шығыстағы жағдайға ара ағайын болуға ұмтылмайтынын, алайда келіссөздер өткізуге өз алаңын ұсынуға дайын екенін айтқан еді.

Тэгтер:

Иран Түркістан Таяу Шығыс