Шавкат Рахмоновтың жұбайына үкім шықты: 5 жылға сотталды

Бүгін, 14:17 / Ахмет Қанатұлы

Жамбыл облысында белгілі спортшы Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гүлайым Рахмонова қатысқан өлімге әкелген жол апатына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының мәліметінше, іс адам өліміне әкелген жол қозғалысы ережесін бұзу бабы бойынша қаралған.

Соттың анықтауынша, 2025 жылдың 27 шілдесінде таңертең Рахмонова Мойынқұм ауданындағы Алматы — Екатеринбург тасжолында Toyota Land Cruiser көлігін басқарған.

Іс материалдарына сәйкес, ол шаршаған күйде көлік жүргізіп, басқаруды жоғалтып, қарсы жолаққа шығып кеткен. Салдарынан көлік аударылған.

Жол апаты кезінде көлікте болған екі жолаушы — айыпталушының құрбысы мен туған әпкесі — ауыр жарақаттан көз жұмды. Ал Рахмонованың өзі ауруханаға жеткізілген.

«Айыпталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және басқа да дәлелдермен толық дәлелденді», – деп мәлімдеді сот.

Мемлекеттік айыптаушы Рахмоноваға 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, сондай-ақ 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айыруды және жазаны өтеуді 5 жылға кейінге қалдыруды сұраған.

Зардап шеккен тараптар айыпталушыны кешіріп, азаматтық талап қоймаған. Бір тарап жаза жеңіл болуын сұраса, екіншісі мүлде жаза тағайындамауды өтінген.

Алайда Рахмонова өз кінәсін мойындамаған.

Сот Гүлайым Рахмонованы Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды.

Оған 5 жылға бас бостандығынан айыру және 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар сот оның кәмелетке толмаған төрт баласының бар екенін ескеріп, жазаны өтеуді 5 жылға кейінге қалдырды.