Алматыда қоғамдық көлікте жолаушы қызға тиіспек болған ер адам ұсталды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оқиға №86 бағыттағы автобуста болған. Куәгерлердің айтуынша, белгісіз ер адам қыздың мойнынан ұстап, оған еркінен тыс жақындауға әрекет жасаған. Осы сәтте автобустағы жолаушылар дереу араласып, күдіктіні көліктен түсіріп жіберген.
Алайда біраз уақыттан кейін ер адам қызды қайта аңдып, такси күтіп тұрған жерінен жақындамақ болған. Жәбірленуші бұл жолы қашып құтылып, қауіпсіз жерге барған.
Алматы қалалық полиция департаменті күдіктінің жеке басы анықталғанын мәлімдеді. Ол ұсталып, полиция бөліміне жеткізілген.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ер адам психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған. Осыған байланысты ол арнайы медициналық мекемеге жіберіліп, психиатриялық сараптамадан өтеді.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тексеру жүргізіліп жатыр. Күдіктінің әрекетіне заң аясында тиісті құқықтық баға беріледі.