Жақын күндері Қазақстанда күн жылынып, термометр бағаны +32 градусқа дейін жетеді, деп хабарлайды Arasha.kz «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Елдің басым бөлігінде жауын-шашынсыз жылы көктемгі ауа райы сақталады. Тек батыста және оңтүстік облыстардың таулы аймақтарында атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Батыста кей уақыттарда қатты жаңбыр жауып, желдің екпіні 15-20 м/с дейін күшейеді. Республика бойынша түнде және таңертең тұман күтіледі», - делінген дүйсенбі күні ұсынылған 31 наурыз – 2 сәуір аралығына арналған ауа райы болжамында.
Күндіз ауа температурасы солтүстік-батыста +17...+26, солтүстікте +13...+20, орталықта +12...+23, шығыста +5...+22, оңтүстік пен оңтүстік-шығыста +23...+32 градусқа дейін көтеріледі. Ал батыста ауа райы +20...+25-тен +13...+20 градусқа дейін төмендейді деп күтілуде.