Қазақстанда ғылымға бөлінетін қаржы жыл сайын артып жатқанымен, нәтижесі көңіл көншітпей отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені ашық айтып, үш мыңнан астам қолданбалы ғылыми жобаның тек 29-ы ғана нарыққа шыққанын сынға алды. Президенттің сөзінше, «ғылым бар сияқты, бірақ оның нақты пайдасын көрмей отырмыз», ал бөлінген қаражаттың индустрияға әсері мен тиімділігі әлі де төмен күйінде қалып отыр.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, өткен жылы ғылымға бағытталған қаржы көлемі 300 млрд теңгеден асып отыр. Оның ішінде ішкі шығындар 261,5 млрд теңгені, ал сыртқы шығындар 42,7 млрд теңгені құрады. Ішкі шығындар – бұл ғылыми зерттеулерді елдің өз ішінде, отандық университеттер, ғылыми институттар мен зерттеу орталықтары жүзеге асырғанда жұмсалатын қаржы, яғни ғалымдардың еңбекақысы, жабдықтар алу, материалдар мен күнделікті зерттеу шығындары осыған кіреді; ал сыртқы шығындар – ғылыми жұмыстарды басқа ұйымдарға, соның ішінде шетелдік зертханаларға немесе жеке компанияларға тапсырып, солардың қызметіне төленетін қаржы. Бұл – ғылым саласына назар күшейгенінің белгісі. Алайда мәселе тек қаржы көлемінде емес, оның қалай бөлінгенінде.
Қаржы қайда жұмсалып жатыр?
Ең алдымен көзге түсетіні – шығындардың құрылымы. Жалпы ішкі қаржының жартысынан астамы (134,1 млрд теңге) еңбекақыға жұмсалған. Бұл бір жағынан заңды: ғылым – адам капиталына негізделген сала. Зерттеушілер мен ғалымдардың еңбегі бағаланбаса, нәтиже болмайды. Бірақ бұл көрсеткіштің тым жоғары болуы ғылыми қаржының басым бөлігі ағымдағы шығындарға кетіп жатқанын да аңғартады.
ҒЗТКЖ орындайтын қызметкерлердің саны, адам
Ал ғылыми инфрақұрылымға келсек, негізгі құралдарға жұмсалған қаражат 43 млрд теңгеге жуық. Оның ішінде ғылыми жабдықтардың үлесі 26,8 млрд теңге ғана. Яғни, жалпы шығынмен салыстырғанда бұл бағыттағы инвестиция көлемі әлі де шектеулі. Бұл өз кезегінде зертханалардың жаңаруы мен технологиялық базаның күшеюі баяу жүріп жатқанын көрсетеді. Тағы бір маңызды бағыт – қызметтерді сатып алу. Бұл мақсатқа 28,7 млрд теңге бөлінген. Әдетте ол сыртқы сараптама, консалтинг немесе белгілі бір зерттеу кезеңдерін аутсорсингке беру үшін жұмсалады. Дегенмен осы арқылы ішкі ғылыми әлеуеттің толық қалыптаспай отырғанына көз жеткізе аламыз.
Бұл мәселеге қатысты ғылымды қаржыландырудың тиімділігіне күмәнмен қарайтындар аз емес. Сарапшы Олжас Байділдинотың пікірі де осыған ойысады.
Оның айтуынша, бөлінетін жүздеген миллиард теңге нарықта нақты нәтижеге айналмай отыр. «Жылына шамамен 200 млрд теңге бөлінеді, бірақ 3000-нан астам зерттеудің тек 29-ы ғана коммерцияланған. Бұл – 1 пайызға да жетпейді», – дейді ол.
Сарапшы мәселені халықаралық тәжірибемен салыстыра отырып түсіндіреді. «Мысалы, Apple компаниясы бүгінде тоқсанына 7-8 млрд долларды зерттеуге жұмсайды. Ал 2009-2010 жылдары олардың жылдық шығыны 358-380 млн доллар болған. Яғни, шамамен біздің қазіргі деңгеймен бірдей. Бірақ сол кезде олар iPhone 5s сияқты өнімдер жасап шығарды», – дейді Байділдинов. Оның пікірінше, Қазақстан ғылымының бүгінгі нәтижесі мұндай деңгеймен салыстыруға келмейді.
«Иран санкцияға қарамай күрделі технология жасады»
Ол нақты мысал арқылы мәселеге өткір сын тағып отыр. «Жақында паркинг пультінің батарейкасын ауыстырдым. Ішінде тұтас микросхема тұр. Сол сәтте ойладым: біз мұның ешқайсын өндірмейміз – батарейкасын да, корпусын да, микросхемасын да. Тіпті болттары мен бұрағышына дейін сырттан келеді», – дейді сарапшы. Оның айтуынша, ғылымның басты мақсаты – осындай қарапайым, бірақ нақты технологияларды игеру болуы тиіс.
О. Байділдинов ғылымға қойылатын талаптарды да нақтылайды: «ҒЗТКЖ-ның (Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар) міндеті түсінікті болуы керек: өнімді жетілдіру, арзандату және тиімділігін арттыру. Мысалы, пульт алыстан жұмыс істесін, бір уақытта екі адам басса да дұрыс істесін, әрі бағасы қолжетімді болсын».
Сарапшының пікірінше, қазіргі жағдайда мәселе қаржы көлемінде емес, оның стратегиясында. «Бізге ғылымды қаржыландыру логикасын түбегейлі өзгерту керек. Иран санкция жағдайында отырып-ақ күрделі технологияларды жасай алды. Меніңше, олардың қолында біздегідей қаржы болған жоқ», – дейді ол.
Тағы бір көзқарас: мәселе ақшада емес, жүйеде
Бұл пікірге қатысты экономист Расул Рысмамбетов те мәселені тереңірек қырынан қарау керегін айтады. Оның сөзінше, ғылымның әлсіз қайтарымы тек қаржының тиімсіз жұмсалуымен ғана емес, жүйенің өзімен байланысты. «Президенттің сынымен келісемін, әрі келіспеймін. Иә, ақша бар, нәтиже аз. Бірақ мәселе – коммерцияландыру ешқашан ғылымның негізгі KPI-ы болған емес. Ғылымның дамуы Scopus базасындағы жарияланымдармен өлшеніп келді», – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, Қазақстан ғылымға жылына шамамен 200 млрд теңге жұмсайды, алайда бұл жалпы ішкі өнімнің небәрі 0,14–0,16%-ын ғана құрайды. «АҚШ-та бұл көрсеткіш 3,2%, Оңтүстік Кореяда 5%-ға жуық. Бірақ мәселе тек көлемде емес, басқаруда. Ғылымға бөлінетін қаржының қалай бөлінетіні ашық емес, барлық қаражат зертханаларға жетеді деген сенім де жоқ», – дейді Рысмамбетов.
Ол ғылым мен экономиканың арасындағы алшақтыққа да назар аударады. «Ғылым әлі де шешім қабылдау жүйесіне толық енген жоқ. Тіпті шикізат компаниялары бөлуі тиіс 1% ҒЗТКЖ қаражатының өзі нақты зерттеулерге жетпейді», – дейді сарапшы. Оның пікірінше, басты мәселе – ғылымға деген сұраныстың әлсіздігі. «Сұраныс болмаса, ұсыныс та дамымайды. Ғалымдар да практикалық шешімдер ұсынуға жақындауы керек», – дейді ол.
«Ғылым министрлігі керек»
Р. Рысмамбетов нақты институционалдық өзгеріс қажет деп есептейді. «Қазақстанға толыққанды Ғылым министрлігін қайта құру керек. Қазіргі модельде ғылым жоғары біліммен біріктірілген, ал бұл жүйеде басымдық әрдайым білім беру жағына ауып кетеді. Ғылым – тәуекелге толы, ұзақ мерзімді сала, оған бөлек басқару логикасы қажет», – дейді ол.
Сарапшы халықаралық тәжірибені де мысалға келтіреді: «АҚШ-та National Science Foundation, DARPA сияқты тәуелсіз құрылымдар бар. Оңтүстік Корея мен Израиль де ғылымды бөлек стратегиялық бағыт ретінде дамытады. Ал бізде ғылым әлі күнге дейін экономикалық саясаттың толыққанды құралына айналған жоқ».
Оның түйінінше, басты мәселе қаржыда емес, басқару архитектурасында жатыр. «Бізге science-based public policy, яғни шешімдерді нақты зерттеулер мен деректерге сүйеніп қабылдайтын модельге көшу керек. Ғылым аналитикадан бұрын тұруы тиіс», – дейді Рысмамбетов.
Бүгінде бұл моделді әлемде Қытай, Гонконг тиімді жүзеге асырып, одан орасан зор пайда да тауып отыр. Мысалы, Гонконг университеттері соңғы оқу жылында ғылыми нәтижелерді коммерцияландырудан 14,2 млрд гонконг доллары табыс тапқан. Бұл – бір жылда 20% өсім. Негізгі ерекшелігі – зертханадан шыққан идея бірден нарыққа бағытталады. Соның бірі – салқындатқыш бояу, ол бүгінде 30-дан астам елде қолданыс тапқан.
Ал Қытай бұл бағытта паттенттердің ауқымымен ерекшеленеді. Өйткені биыл елде 1,3 млн патент қайта қаралып, оның 680 мыңы коммерцияландыруға дайын деп танылған. Соның нәтижесінде 460 мың компаниямен байланыс орнатылып, соңғы үш жылда ғана 80 мың өнертабыс нақты экономикаға енгізілген.
Ал әлемдік ғылымдағы АҚШ-тың үстемдігі соңғы жылдары әлсірей бастаған. Мысалы, 2003-2007 жылдары АҚШ 64 стратегиялық технологияның 60-ында жетекші болса, 2019-2023 жылдары небәрі 7 бағытта көш бастаған. Ал Қытай, керісінше, 2003-2007 жылдары 64 технологияның 3-де ғана бірінші болса, 2019-2023 ж.ж. 64 технологияның 57-сінде жетекші ел болды.
Осы секілді қанша қаржы бөлінсе де, егер ол нақты өндіріс пен бизнеске жетпесе, бәрі есеп үшін жасалған жұмыс болып қала береді. Қазір бізде ғылым бар, бірақ оның күнделікті өмір мен экономикадағы «ізін» көре алмай келеміз. Енді ең маңыздысы – ғылымды «қағаздағы көрсеткіштен» шығарып, нақты нәтиже беретін құралға айналдыру. Сонда ғана бөлінген миллиардтардың да мәні болады.