Желіде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев "екінші отбасым" деп атаған Әсел Исабаеваның жаңа суреттері жарияланды. Қазір ол 46 жаста, деп хабарлайды Arasha.kz.
Суреттерді Instagram желісінде танымал фотограф Мирас Баянов бөліскен. Ол сән индустриясында жұмыс істеп, түрлі брендтермен коллаборация жасайды. Фотограф жариялаған кадрларға:
"Мен үшін әрдайым өнерге жақын болу маңызды. Әсіресе, соның бір бөлшегіне айналған адамдармен бірге болу. Ғажайып Әсел Исабаева – менің көзқарасыммен", – деп жазған.
Әсел Исабаева – "Астана балет" театрының арт-менеджері. Оның есімі халықаралық зерттеулерде де аталып, офшорлық компаниялар арқылы 30 миллион доллар алғаны туралы ақпарат тараған.
Айта кетейік, ол 1999 жылы "Мисс Қазақстан" атағын жеңіп алған. Ал Нұрсұлтан Назарбаев өзінің екінші отбасы бар екенін тек 2023 жылы ашық мәлімдеген еді. "Менің өмірім" атты мемуарында ол Әселмен алғаш рет сұлулық байқауынан кейін танысқанын, кейін жақын араласа бастағанын жазған.
Президенттің айтуынша, олар мұсылман дәстүрімен некеге отырған. Бұл некеден Тауман және Байкен есімді екі ұл дүниеге келген. Бұл мәліметтер бұрын бейресми айтылып келген болса, аталған мемуар арқылы алғаш рет ресми түрде расталды.