Нұрлан Сабыровтың Ресейдегі компаниясы жабылуы мүмкін

Бүгін, 16:34 / Қайсар Қалам
Сурет: видеодан скрин

Ресейдің Федералдық салық қызметі комик Нұрлан Сабыров иелік ететін компания қызметінен заңбұзушылықтарды анықтады,  деп хабарлайды Arasha.kz. 

Бұл бұзушылықтар оның бизнесінің жабылуына әкелуі мүмкін. Сонымен қатар компанияның салық органдарына шамамен 800 мың рубль қарызы бар, деп жазды Baza телеграм арнасы. 

Ресейде комикке тиесілі «Сабр Продакшн» компаниясы жұмыс істеп тұр. Ол кино және телебағдарламалар өндірумен айналысады. Компанияның бас директоры әрі бухгалтері – Сергей Бушев. Комик жобаға пайызсыз қарыз ретінде 270 мың рубль инвестиция салып, бизнестің 100% үлесіне ие.

«Өткен жылдың алғашқы сегіз айында «Сабр Продакшн» 16,3 млн рубль кіріс тапқан, ал шығыны небәрі 1,2 млн рубль болған. Соған қарамастан компания салық төлемдерін төлеуге асықпай отыр — шамамен 800 мың рубль қарыз жиналған. Бұдан бөлек, Федералдық салық қызметі фирманың құжаттарда көрсетілген мекенжайында кеңсесі жоқ екенін анықтаған»,- делінген жазбада. 

Егер компания басшылығы бұл заңбұзушылықтарды түзетпесе, алдымен айыппұл салынып, кейін «Сабр Продакшн» таратылуы мүмкін.

Негізінде компания жұмысын жалғастырып отыр. Алайда оның иесіне Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынғандықтан, алдағы уақытта табысты қалай табатыны түсініксіз.

Мұндай жағдайға байланысты Сабыров Ресейде қосалқы бизнес те дайындап қойған. Бұл жобаның дамуына да Сергей Бушев көмектеседі. Оның атына комиктің «Контекст» киім бренді тіркелген. Нұрланның  өнімдері әлі де сатылып жатыр — бір бұйымның бағасы 3 мыңнан 8 мың рубльге дейін барады.