Саясат Нұрбек студенттердің шәкіртақысын арттыру туралы мәлімдеме жасады

Бүгін, 17:45 / Ахмет Қанатұлы
facebook.com/sayasat. Суретте: Саясат Нұрбек

Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі студенттердің шәкіртақысын жыл сайын арттыру мәселесін Үкіметпен бірге талқылап жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz.

Министр Саясат Нұрбек соңғы бес жылда шәкіртақы көлемі кезең-кезеңімен өсіп отырғанын айтты.

"Соңғы бес жылда шәкіртақы мөлшерін жыл сайын 20-25 пайыздан кезең-кезеңмен көтердік. Нәтижесінде, шәкіртақы көлемі екі есеге жуық артты. Қазіргі кезде министрлік Үкіметпен осы шараны әрі қарай жалғастыру туралы келіссөз жүргізуде. Әзірге нақты шешім қабылданған жоқ", – деді министр.

Қазіргі таңда министрлік бұл үрдісті жалғастыру мәселесін Үкіметпен бірге қарастыруда. Алайда нақты шешім әзірге қабылданбаған.

Министрдің айтуынша, шәкіртақының ең жоғары өсімі докторанттарға қатысты болған. Қазір PhD докторанттарының ай сайынғы төлемі шамамен 254 мың теңгені құрайды. Ал педагогикалық бағыттарды есептемегенде, бакалавриат студенттерінің ең төменгі шәкіртақысы 55 мың теңге деңгейінде белгіленген.

Саясат Нұрбек оқу ақысының қымбаттауына қатысты да пікір білдірді. Оның айтуынша, мемлекеттік университеттердегі оқу құны министрліктің бақылауында. Бағаны тек инфляция деңгейіне сәйкес, 10 пайыздан аспайтын мөлшерде ғана өзгертуге рұқсат беріледі.

Сондай-ақ министр бұл мәселе биыл жоғары оқу орындарымен қайта талқыланатынын атап өтті.

Тэгтер:

министр білім студент саясат нұрбек шәкіртақы