Адам несиені еріккеннен емес, амалсыздан алады – экономист

Бүгін, 22:42 / Камила Дүйсен
Freepik

Қазақстанда тұтынушылық несие беру тәртібі өзгермек, дәлірек айтқанда енді несие алу қиындайды. Банктер және банк қызметі туралы заң аясында енгізілген жаңа талаптар банктердің кімге несие беретінін қатаң бақылауға көшкенін көрсетіп отыр.

Ең басты өзгеріс – мерзімі өткен қарызы бар адамдарға қатысты. Бұрын 90 күннен аса кешіктірсе ғана жаңа несие берілмейтін. Енді бұл мерзім 30 күнге қысқарды. Яғни бір айдан сәл асқан берешегі бар адамға банк қайтадан қарыз бермейді. Бірақ бір жеңілдік бар. Егер жаңа несие бұрынғы қарызды жабу үшін, әрі тиімді шартпен рәсімделсе, банк оны қарастыруы мүмкін.

Тағы бір маңызды жаңалық – биометрия. Енді банктер клиенттің кім екенін нақты растау үшін міндетті түрде биометриялық тексеру жүргізеді. Онлайн несие алу үшін де осы талап қойылады. Ал бұрын несие алып көрмеген адамдар міндетті түрде банкке барып, келісімін жазбаша түрде беруі керек.

Бұл өзгерістер жайдан-жай енгізіліп отырған жоқ. Себебі елде несиеге батқан адамдар саны көп. 2025 жылғы мәлімет бойынша, 1,3 миллионнан астам қазақстандықтың 90 күннен асқан берешегі бар. Оның басым бөлігі – 18 бен 49 жас аралығындағы адамдар.

Өйткені халық табысы қағаз жүзінде сақталғандай көрінгенімен, іс жүзінде оның құны төмендеп барады. Күнкөріс қымбаттап, ақшаның басым бөлігі азық-түлікке кетіп жатқандықтан, адамдардың қолындағы еркін қаражат азайған. Соның салдарынан табыс өссе де, халықтың сатып алу қабілеті әлсіреп, қаржылық қысым күшейіп тұр.

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, халық табысының 52,3%-ы азық-түлікке кетеді. Яғни адамдар ең алдымен қарнын қамдап отыр. Қалған ақша басқа қажеттіліктерге жеткен-жетпегені – бөлек әңгіме. Азық-түліктен кейінгі шығындар құрылымы да көп нәрсені аңғартады: 21,3% – киім-кешек, тұрмыстық заттарға, ал 18,3% – қызметтерге (коммуналдық төлем, көлік, байланыс, білім, медицина).

Несиені шектегеннен не пайда?

Экономист Алмас Чукин банк саласындағы соңғы өзгерістер халықты қарыз қамытынан шығару үшін тиімді шешім емес екенін айтады. Оның сөзінше, несиені қысқарту бәрін бірден түзеп жібермек емес.

«Адам несиені еріккеннен емес, амалсыздан алады. Тамақ ішу керек, күн көру керек. Баға қымбат болса да, сатып алуға мәжбүр. Сондықтан тек несиені шектеумен инфляцияны тоқтатамыз деу дұрыс емес», – дейді ол.

Сарапшының сөзінше, инфляцияның негізгі себептері – еңбек өнімділігінің төмендігі, импортқа шектеулер және мемлекеттік бюджеттің тиімсіз жұмсалуы. Сондықтан тек несиелеуді қысқарту мәселені толық шешпейді.

«Көп адам несиеге өмір сүреді. Егер тұтынушылық несиелеуді күрт азайтсақ, бұл халыққа да, бизнеске де соққы болмақ. Әсіресе шағын және орта кәсіпкерлік зардап шегеді, өйткені адамдар аз жұмсай бастайды», – деп атап өтті Алмас Чукин.

Ал экономист Айдархан Кұсайынов тұтынушылық несиелер инфляцияны тікелей күшейтеді деген пікірмен келіспей отыр. Оның айтуынша, бөліп төлеу мен несиелер жаңа сұраныс тудырмайды, тек нарықта бар сұранысты бір деңгейде ұстап тұрады.

«Тұтынушылық несиелер мен бөліп төлеу сұранысты “қыздырып жатыр” деген пікір көбіне асыра айтылған. Іс жүзінде олар тек адамдардың бұрынғы деңгейде тұтынуын сақтауға көмектеседі», – дейді ол.

Банктер қалай пайдаға кенеліп отыр?

Сарапшылар банк секторындағы тағы бір маңызды мәселеге назар аударды. Қаржы жүйесінде қалыптасқан кейбір реттеу тетіктері банктердің жоғары табыс табуына мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, қазіргі жүйеде банктер клиенттердің ағымдағы шоттарына пайыз төлемейді, бірақ сол қаражатты жоғары мөлшерлемемен орналастырып, пайда табады.

Экономист Ғалым Құсайынов бұл жағдайды жүйелік мәселе деп бағалайды.

«Бүгінде компаниялар, бюджет ұйымдары және халық ағымдағы шоттарда шамамен 7 трлн теңге ұстап отыр. Оның 5 трлн теңгесі теңгемен. Банктер бұл қаражатты тегін алып, 15–16% мөлшерлемемен орналастырып, жүздеген миллиард теңге пайда табады. Бұл – нарықтық емес жағдай», – дейді ол.

Сарапшының пікірінше, банктердің жоғары табысы олардың тиімділігінен емес, реттеу жүйесінің ерекшеліктерінен туындап отыр. Сондықтан мәселені салықты көтеру арқылы емес, жүйелік реформалар арқылы шешу қажет.

«Егер институционалдық теңгерімсіздіктер жойылмаса, біз реформаның орнына салықтық эксперименттермен шектеле береміз. Банктердің табыстылығы олардың тиімділігінен емес, жүйенің қалай құрылғанынан», – деп түйіндеді Ғалым Құсайынов.

Тэгтер:

қарыз несие қаржы