Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған жол-көлік оқиғасы туралы видео жариялаған танымал блогер Әділетхан Молдахан 10 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Алматы қаласының Полиция департаменті блогердің көрінеу жалған ақпарат тарату дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
"Бұрын тонау қылмысы үшін сотталған күдіктіге қатысты сот 10 тәулікке қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады", – деп хабарлады Алматы қалалық ПД.
Іс бойынша өзге мәліметтер тергеу құпиясына байланысты жария етілмеді.
Блогер не үшін ұсталды?
Полицияның мәліметінше, Әділетхан Молдаханға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы 1-бөлігі — "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Аталған бап бойынша мынадай жазалар қарастырылған:
- 1000 АЕК-ке дейін айыппұл (2026 жылы 4 325 000 теңге),
- 400 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар,
- 1 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру.