ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға үкім шықты

Бүгін, 13:41 / Ахмет Қанатұлы
ашық дереккөзден

Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Сот оны ірі көлемде алаяқтық жасау және пара алу баптары бойынша кінәлі деп танып, алты жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ оның мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Мемлекеттік айыптаушы сот жарыссөзінде дәл осындай жаза сұраған болатын. Сот айыппұл түріндегі балама жаза қолдануға негіз таппады. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Іс материалдарына сәйкес, бірінші эпизод Жақсылық Омардың Өскемен қаласының әкімі болған кезеңіне қатысты. Тергеу дерегінше, жәбірленуші азамат кәсіпорыннан материалдық көмек ретінде алған Toyota Camry автокөлігін әкімдікке жеткізіп, кілтін тапсырған. Алайда көлік кейін басқа тұлғаның атына рәсімделіп, trade-in арқылы жаңасына ауыстырылған. Тергеу нұсқасы бойынша, жаңа автокөлікті айыпталушы пайдаланған. Келтірілген шығын 13 миллион теңге деп бағаланған. Дегенмен сотта жәбірленуші шығынның өтелгенін айтып, талап қоймайтынын мәлімдеді.

Екінші эпизод биылғы ақпан айында тіркелген. Тергеу мәліметінше, Жақсылық Омар әкімдік қызметкерінен 20 миллион теңге талап еткен. Айыпталушы мұны «өтініш» деп түсіндіргенімен, айыптау тарапы бұл әрекетті қамқорлық көрсету үшін сұралған пара ретінде бағалады.

Қызметкер заңсыз әрекетке бармай, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жүгінген. Арнайы бақылау аясында делдал арқылы айыпталушыға 6 миллион теңге берілген сәтте ол әшкереленген.

Тэгтер:

Жақсылық Омар