Орынбасары ұсталған әкім халық алдында жауап беруі тиіс пе?

Бүгін, 17:48 / Arasha.kz
www.facebook.com/zhaksylyk.omar

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Жақсылық Омардың жемқорлық ісі бойынша 6 жылға сотталуы азаматтық қоғам тарапынан шенеуніктердің саяси жауапкершілігі туралы сұрақ туындатты. Әрине, сот шешімі – нақты бір адамның қылмысына берілген баға. Бірақ бұл жағдайда сөз жай қызметкер туралы емес, өңірдегі маңызды шешімдерге ықпал еткен лауазымды тұлға туралы болып отыр.

Қазақстанда заң бойынша орынбасар сотталса, әкім міндетті түрде қызметтен кетуі керек деген талап жоқ. Дегенмен, Президент өзінің алғашқы Жолдауында-ақ сыбайлас жемқорлық болған жағдайда бірінші басшылардың жауапкершілігін күшейту қажет екенін айтқан болатын.

«Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасалған мекеменің бірінші басшысының жауапкершілігін заңнамалық және нормативтік тұрғыдан нақты белгілеу керек», – деді Мемлекет басшысы.

Бұл – мәселе тек бір адаммен шектелмей, жалпы басқару жүйесіне қатысты қаралуы керек дегенді білдіреді. Отандық сарапшылар қауымдастығы мұндай жағдайларды құқықтық шеңберден тыс, саяси және моральдық жауапкершілік тұрғысынан да қарастыру керек екенін айтуда.

«Отставкаға кету – заң және моральдық тұрғыдан орынды қадам»

– Жақсылық Омар ұзақ уақыт бойы Шығыс Қазақстан облысында әкім болып қызмет атқарған, кейін облыс әкімінің кеңесшісі болған, оның ішінде өңірдің алдыңғы басшыларымен де жұмыс істеген. Ал 2025 жылдың сәуірінде ол облыс әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды, ал қазіргі әкім 2025 жылдың ақпанында ғана қызметке келген еді. Яғни, жаңа әкім тағайындалғаннан кейін екі ай өткен соң Жақсылық Омар кеңесші қызметінен облыс әкімінің бірінші орынбасары лауазымына көтерілді, – дейді саясаттанушы Ғазиз Әбішев.

Оның сөзінше, бұл жағдай, ең кемінде, моральдық тұрғыдан алғанда белгілі бір жауапкершілікті қазіргі әкімнің өзіне жүктейді деуге негіз бар. Дегенмен қолданыстағы заңнамада бағынышты қызметкердің жемқорлығы дәлелденген жағдайда бірінші басшылардың міндетті түрде отставкаға кетуі талап етілмейді.

– Алайда бұл жағдайда Шығыс Қазақстан облысының әкімі Жақсылық Омарға қатысты шыққан жемқорлық үкіміне байланысты Қазақстан Президентінің атына отставкаға кету туралы өтініш беруі тиіс деп есептеуге болады. Меніңше, бұл – заң тұрғысынан да, моральдық тұрғыдан да орынды қадам. Өйткені егер бірінші басшылар бағыныштылардың жемқорлығы үшін ешқандай жауапкершілік көтермесе, бұл қоғамда заңдылыққа қатысты сұрақтар туғызады. Әрине, мұндай жағдайда азаматтық қоғам да заңның сақталуын талап етуге толық құқылы, – деп сөзін түйіндеді Ғазиз Әбішев.

«Орынбасар – негізгі тапсырмаларды орындайтын тұлға»

Ал саясаттанушы Қазыбек Майгелдинов бұл мәселені екі қырынан қарастыру керектігін айтады. Оның пікірінше, заң әкімнің міндетті түрде қызметтен кетуін талап етпегенімен, саяси және этикалық жауапкершілік мәселесі туындайтыны даусыз.

– Мен бұл жерде екі мәселені көріп отырмын. Біріншіден, әкімнің қоластындағы азамат алаяқтық жасап немесе пара алып сотталған жағдайда, міндетті түрде қызметтен кетуі керек деген талап заңда жоқ. Бірақ екінші жағынан, бұл жерде саяси әрі этикалық жауапкершілік мәселесі туындайды. Неге саяси, неге этикалық? Себебі бірінші орынбасар – әкімнің ең жақын адамы, командасының мүшесі, негізгі тапсырмаларды орындайтын тұлға, – дейді сарапшы.

«Ақпаратты халықтан неге жасырды?»

Оның сөзінше, осы тұрғыдан алғанда, облыс әкімі кем дегенде отставкаға кету немесе халық алдында есеп беріп, түсініктеме жасау қажет еді.

– Батыс елдерінде мұндай жағдайларда азаматтық қоғам талап етпей-ақ, атқарушы билік өкілдері өз еркімен қызметтен кететін көптеген мысалдар бар. Этикалық қырына келсек, бастапқыда Жақсылық Омардың денсаулығына байланысты жұмыста жоқ екені туралы ресми ақпарат таратылды. Кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізген операциядан соң ғана оның ұсталғаны расталды. Яғни, алғашқы ақпаратты жасыруға немесе ашық айтуға қымсыну байқалады. Бұл этикалық тұрғыдан дұрыс емес, – деді саясаттанушы.

Қазыбек Майгелдинов ақпарат рас болған екен, ендеше неге бірден ашық әрі нақты айтылмады деген заңды сұрақ туындайтынын айтып отыр.

– Сондықтан саяси баға беретін болсақ, Президент айтып жүргендей, әрбір басшы өз жауапкершілігін күшейтуі керек. Азаматтық қоғам не талап ете алады? Менің ойымша, әкім халық алдында есеп беруі тиіс: бұл қылмыста оның қандай да бір рөлі бар ма, жоқ па, мұндай жемқорлық фактісі қалайша назардан тыс қалған – осы сұрақтарға жауап беруі керек, – деп нақтылады маман.

Сонымен қатар ол депутаттар да бұл мәселеден тыс қалмауы тиістігін атап өтті.

– Бірмандатты округтен сайланған депутаттар да, Сенаттағы өңірге жауапты өкілдер де депутаттық сауал жолдап, жағдайға саяси баға беруі қажет. Өйткені мұнда екі ауыр айып бар – алаяқтық және пара алу. Осы бойынша нақты сұрақтар қойылып, қоғам кері байланыс алуы керек. Менің ойымша, жауапкершілікті талап ету үшін осындай қадамдар қажет, – деді Қазыбек Майгелдинов.

Облыс әкімінің баспасөз қызметіне ресми сауал жолданды. Әзірге жауап алынған жоқ.

Тэгтер:

Жақсылық Омар жаңалықтар Шығыс Қазақстан облысы