Иран Ормуз бұғазы арқылы тағы бір елдің өтуіне рұқсат берді

Бүгін, 10:00 / Ахмет Қанатұлы
depositphotos.com

Иран билігі Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасына енгізілген шектеулерден Иракты босатты. Бұл туралы Иран әскерилерінің өкілі араб тілінде жасаған видеоүндеуінде мәлімдеді, деп хабарлайды Bloomberg агенттігі.

"Бауырлас Ирак Ормуз бұғазында енгізілген барлық шектеулерден босатылды", – делінген мәлімдемеде.

Сарапшылардың пікірінше, бұл шешім Ирак мұнайының экспорт көлемін тәулігіне 3 миллион баррельге дейін арттыруы мүмкін.

Алайда оның нақты әсері кеме компанияларының қауіп-қатерге қарамастан бұғаз арқылы жүруге дайын болуына байланысты болады. Сонымен қатар бұл жеңілдік барлық ирактық экспортқа қатысты ма, әлде тек ел туы астындағы кемелерге ғана тарай ма – әзірге белгісіз.

Bloomberg мәліметінше, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы аясында бұғаздағы қозғалыс біртіндеп қалпына келе бастағанымен, соғысқа дейінгі деңгейден әлдеқайда төмен. Бұған дейін Ормуз бұғазы арқылы әлемдегі мұнай мен сұйытылған газдың шамамен бестен бірі тасымалданатын.

Соғыстың алғашқы апталарында Ирак және Парсы шығанағындағы басқа да ірі мұнай өндіруші елдер негізгі экспорт бағыттарының жабылуына байланысты өндірісті күрт қысқартуға мәжбүр болды. Мұнай сақтайтын қоймалар да толып кеткен.

Тэгтер:

Иран АҚШ Ормуз бұғазы