Перизат Қайраттың көлігі мемлекет меншігіне өтті

7 сәуір, 2026 / Камила Дүйсен
Электронды сауда порталы

Сотталған Перизат Қайратқа тиесілі болған қымбат көлік мемлекетке берілді. 2024 жылы шыққан Mercedes-Benz S 450 автокөлігі электронды сауда арқылы мемлекеттік органдардың балансына өтті.

Электронды сауда порталындағы мәліметке сәйкес, 7 сәуір күні өткен сауда нәтижесінде көлік ресми түрде мемлекеттік заңды тұлғалардың меншігіне бекітілген. Хабарламада «сауда өтті» деген мәртебе көрсетілген.

Әңгіме қара түсті, мемлекеттік нөмірі 777KPK01 болатын көлік туралы болып отыр. Құжаттарға қарағанда, автокөліктің аккумуляторы отырып қалған, сондықтан техникалық жағдайын толық тексеру мүмкін болмаған. Көлік сигнализациясы бар кілтпен бірге берілген. Іші ақ былғарымен қапталған.

Көліктің бағалау құны шамамен 79,4 миллион теңгені құраған. Сондай-ақ оған бұған дейін тыйым (арест) салынғаны да көрсетілген.

Бұл – Перизат Қайраттан тәркіленген мүліктің бір бөлігі ғана. Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі оның активтері аукцион арқылы сатылатынын хабарлаған еді. Тізімде коттедж қалашығындағы жеке үй, бірнеше элиталық тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер мен автотұрақ орындары бар.

Сонымен қатар, одан бірнеше қымбат көлік — Lexus LX 600, Mercedes-Benz EQE, Haval H6 GT тәркіленген. Бұдан бөлек, гүл бизнесіндегі 100 пайыз үлесі, 97 миллион теңгеден астам қаражат пен 22 мың доллар да мемлекетке өткен. Брендтік киімдер мен аксессуарлар да тәркіленген мүлік қатарында.

Перизат Қайрат бұған дейін Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қайырымдылық қорын басқарған. Ол 2024 жылдың қарашасында 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдікпен ұсталған. Тергеу нұсқасы бойынша, су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған қаражаттың бір бөлігі жеке мақсаттарға жұмсалған.

Кейін оған Палестинаға гуманитарлық көмек ретінде жиналған қаржыға қатысты да күдік тағылды. 2025 жылдың наурызында сот шешімімен қор таратылды.

Сот үкімімен Перизат Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның анасы 7 жылға сотталған.

Тэгтер:

аукцион алаяқтық көлік сауда Перизат Қайрат жаңалықтар