Қазақстан әлі де көбіне қарапайым немесе жартылай өңделген өнімдерді сыртқа шығаруда. Ал жоғары технологиялы тауарлар бойынша жағдай керісінше – төмендеу байқалады. Бұл туралы Halyk Finance сарапшылары баяндап берді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Мәселен, 2025 жылы өңделген өнім экспорттау 11 пайызға, ал күрделі, жоғары технологиялы өнім өндіру 16 пайызға төмендеген. Мамандардың сөзінше, бұл жай ғана статистика емес, экономиканың қай бағытта дамып жатқанын көрсететін нақты белгі.
Сарапшылар бұл үрдісті былай түсіндіреді:
«Қазақстанның экспорт құрылымында әлі де бірінші деңгейлі өңдеу басым. Металлургия, мұнай өнімдері, аралық тауарлар – негізгі үлесті солар алып отыр. Ал дәл осы уақытта экономиканың сапалы өзгерісін қамтамасыз ететін жоғары технологиялы өнімдер көлемі қысқарып келеді. Бұл дегеніміз – біз өндіріп жатырмыз, бірақ күрделендіріп жатқан жоқпыз».
Инвестиция мәселесінде де ұқсас жағдай байқалады. Қаражат көлемі өсуде, бірақ оның құрылымы өзгермей отыр.
«Инвестициялардың едәуір бөлігі бұрынғыдай дәстүрлі салаларға бағытталған. Металлургия мен мұнай өңдеу секторлары негізгі үлеске ие. Ал жоғары технологиялы және күрделі өндірістерге бағытталған инвестиция көлемі әлі де жеткіліксіз. Бұл құрылымдық өзгерістің баяу жүруіне себеп болады», – дейді орталық мамандары.
Яғни, ақша бар, бірақ ол жаңа экономикаға емес, ескі модельге қызмет етіп тұр.
Тағы бір маңызды мәселе – өлшем. Біз нені өлшеп жүрміз? Қазіргі көрсеткіштер көбіне жалпы көлемді ғана көрсетеді. Қанша өндірілді, қанша инвестиция салынды, қанша экспортталды. Бірақ осының сапасы қандай – бұл бөлек мәселе.
«Қолданыстағы индикаторлар көбіне агрегатталған сипатқа ие. Олар жалпы өсімді көрсеткенімен, оның құрылымын толық ашып бере алмайды. Мысалы, өңделген өнім экспортының ішінде нақты қандай тауарлар бар, олардың технологиялық деңгейі қандай – бұл әрдайым айқын көрінбейді. Сондықтан формалды көрсеткіштерге қарап, сапалы индустриялық серпіліс болды деу асығыстық болуы мүмкін», – деп түсіндіреді Halyk Finance өкілдері.
Бұл – өте маңызды ескерту. Өйткені дәл осы жерде ең үлкен иллюзия пайда болады: өсім бар сияқты, бірақ ол сапалы өзгеріс емес.
Сондай-ақ мамандар еңбек өнімділігі көрсеткіші жалпы сектор бойынша есептелетініне де назар аударып отыр. Өйткені ол көбіне ірі, капиталды көп қажет ететін салалардың әсерінен қалыптасады.
«Сондықтан бұл көрсеткіштің өсуі міндетті түрде экономиканың күрделенгенін білдірмейді. Бұл жерде салалық құрылымды ескеру өте маңызды», – деп есептейді мамандар.
Қысқасы, сарапшылардың сөзінше елімізде күрделі өндірістердің дамуы, инновацияның күшеюі, экспорттың құрылымдық өзгеруі – әлі де шектеулі деңгейде. Егер осы бағытта нақты өзгеріс болмаса, ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізудің өзі қиын.