Цифрлық дәуір: алаяқтардан сақтану

11 наурыз, 2026 / Arasha.kz
ашық дереккөзден

Бір кездері заман ағымына қарай Интернеттің, сосын ұялы байланыстың шыққанына қуанып, жаппай игілігімізге пайдалана бастадық. Алайда, осы бір озық технологиялармен қатар түрлі қауіп-қатерлер де өмірімізге дендеп енді. Азаматтар бұл құралдарды тек пайдаланып қана қоймай цифрлық сауаттылығын арттырып отырмаса, әп-сәтте алаяқтарға жем болатынын әлдеқашан түсінді және сақтанып-ақ жатыр. Дегенмен, интернет-алаяқтар да құр қол қусырып қарап отырмай, қармаққа ілудің алуан түрлі әдістерін ойлап табуда.

Осыған орай, елімізде киберқылмыспен күрес қалай жүргізіліп жатыр? Қылмыстың алдын алу, ақпараттандыру, цифрлық сауат пен цифрлық гигиена мәселесі көңіл көншітерлік пе?

Қазіргі таңда қоғамда ең өзекті мәселе алаяқтарға алданып қалу телефонмен ғана шектеліп тұрған жоқ. 2025 жылғы тіркелген деректерге қарасақ, интернет-алаяқтықтың өршімесе азаймағаны байқалады. Алаяқтар әдетте құрбандарын қармаққа түсіру үшін әлеуметтік желілерді торуылдайды, сонымен қатар жасанды интеллект технологияларын да ұтымды пайдаланып жүр. Мәселен, ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметіншеөткен жылы алаяқтар 84,5 млн рет қоңырау шалыпты, яғни қылмыс саны 22 пайызға ұлғайған. Салдарынан 6 миллиард теңге көлемінде залал келген. 27892 интернет-алаяқтық қылмысы тіркеліпті.

Бұдан ел азаматтарының жеке деректері, қаржылық құпияларына айтарлықтай қауіп төнгені байқалады. Құқық қорғау органдары аталған қылмысты құрықтауда бірқатар ведомстволық шаралар қабылдаған. Нәтижесінде өткен жылы 6016 қылмыс анықталды, оның 4357-сі ауыр санаттағы қылмыс. Ал қылмыстық жауапкершілікке 1750 адам тартылған. 

Бұл ретте ҚР ІІМ бірінші орынбасары Бауыржан Әленов жүргізілген талдау жұмыстарына қарап, интернет алаяқтарының көбіне полиция, мемлекеттік және банктердің атынан– 8554, хабарландырулар арқылы тауар алушы немесе алдын ала төлем алу –8357, инвестиция жасаймыз деген 3110 деректі анықтағанын атап өтті. Ең сорақысы, осындай қоңыраулардың салдарынан 49 азамат өз пәтерінің ақшасын алаяқтарға аударып берген. Сондай-ақ, Бауыржан Әленовтің айтуынша, тұрғындар алданып қалса да құқық қорғау органдарына кеш жүгінеді дейді.

Айдың, күннің аманында осындай алаяқтарға жем болмас үшін азаматтар қаржылай сауатты болуы қажет. Себебі алаяқтар бір схема жұмыс істемей қалса, орнына жаңасын ойлап табары анық. Сондықтан, цифрлық гигиена өте маңызды. Қазақстанда бұл мәселеге байланысты күмәнді сайттар бұғатталып, киберқадағалау жүйелері күшейтілуде, азаматтарға барынша ескертулер жасалуда. Бұл ретте полициялар ресми айыппұлдардың көбіне тек 1414 нөмірі арқылы келетінін, ал айыппұлдарды egov.kz, qamqor.gov.kz сайттарынан болмаса банктердің мобильді қосымшалары арқылы тексеруге болатынын үнемі ескертуде. Ұялы байланысыңызға келіп түскен күмәнді сілтемелерді ашып көрмеу, жеке деректеріңізді, банк карталарыңызды ешкімге бермеу – қауіпсіздігіңіздің алғышарты.

Еліміздегі «Киберпол» жобасы арқылы 43 миллионнан аса күмәнді байланыс тоқтатылды. Бұл шетелдік қоңырауларды анықтап, бұғаттайтын жүйе. ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің дерегінше, шетелге аударылып кетуі мүмкін болған 220 миллион теңге дер кезінде бұғатталған. Өткен жылы жоба аясында 19 миллионнан аса жалған қоңырау анықталып, тосқауыл қойылыпты. Жүз мыңнан аса sim-карта тәркіленген.

Өкініштісі, цифрлық дәуір өркендеуге ғана емес, интернет-алаяқтарға да жол ашты. Бірақ, сақтансаң сақтаймын деген, әрдайым қырағы жүруцифрлық заманның талабы болып қала бермек.