Иран Ормуз бұғазын қайта жапты: Таяу Шығыста жағдай шиеленісті

Бүгін, 08:48 / Ахмет Қанатұлы
Modis Team/Nasa Gsfc/ZUMA/IMAGO

Иран ислам революциясы сақшылары Ормуз бұғазының қайта жабылғанын мәлімдеп, Израильді атысты тоқтату келісімін бұзды деп айыптады, деп хабарлайды Arasha.kz.

9 сәуірге қараған түні Израиль Ливан аумағына әуе соққысын жасаған. Reuters агенттігінің мәліметінше, шабуыл салдарынан 254 адам қаза тауып, 1100-ден астамы жараланған. Бұл деректерді Ливанның азаматтық қорғаныс қызметі растаған.

Оқиғадан кейін Иран билігі стратегиялық маңызы бар мұнай жолы – Ормуз бұғазын қайта жапты. CNN хабарлауынша, қазіргі уақытта бұғаз арқылы кеме қозғалысы тоқтаған. Бұл ақпаратты MarineTraffic жүйесі де растады.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ пен Иран арасында екі аптаға уақытша бітім туралы келісім жасалған еді. Сол келісімнен кейін Тегеран бұғазды ашып, мұнай тасымалы қайта жандана бастаған болатын. Алайда Ақ үй бұл келісім Ливанға қатысты емес екенін мәлімдеді.

Соған қарамастан, Ормуз бұғазының жабылуы әзірге әлемдік мұнай бағасына айтарлықтай әсер еткен жоқ. Қазіргі уақытта Brent маркалы мұнай бағасы шамамен бір баррель үшін 96,85 доллар деңгейінде саудаланып жатыр.

Тэгтер:

Иран АҚШ Ормуз бұғазы