Балалардың құқықтары мен мүддесін қорғау үшін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде алғаш рет 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы әзірленді.
Келешегі жарқын ел болу үшін адами капитал әрдайым басты орында. Әсіресе балалар мәселесіне келгенде жас ұрпақтың білім алуы, дамуы, қауіпсіздігі, оларға толық жағдай жасауды кейінге қалдыруға болмайды. Осы ретте қабылданған құжаттан күтеріміз мол.
Ресми деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда елімізде балалар саны 6,9 миллионға жеткен, былайша айтқанда халықтың 34 %-ын құрап отыр. Ал 2016-шы жылдан бері есептесек, он жыл көлемінде балалар саны 1,5 миллионға көбейіпті.
Бала саны көбейгенімен өскелең ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие берілмесе бәрі бекер. Сан мен сапаны қатар ұстау үшін еліміз қандай іс-шараларды жүзеге асыруда? Ең бірінші рухани бағытқа тоқталсақ, бала әлемі – қиялға, арманға толы. Ал оның болашаққа үлкен сеніммен нық қадам жасауы балалар әдебиетімен толықпақ.
Қазір республикамызда 272 балалар кітапханасы жұмыс істеп тұр. Олардағы кітап қоры 7 миллионнан асып жығылады. Ал кітап оқитын бала саны 1,7 миллион баланы қамтиды. Бұдан біз балалар контентінің іргетасы қалыптасқанын аңғарамыз. Бүгінгінің балалары телефоннан бас алмай ойнаса да, кітапты да жанына азық еткендері жетерлік.
Осы орайда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі биыл балалар мен жасөспірімдерге арналған 42 мың дана кітап шығармақшы. Сондай-ақ кішкентай оқырмандар үшін аталған кітаптардың электронды нұсқасын да қолжетімді етілмек.
Қазақстанда балалар қандай контент көріп жүр?
Бүгінде әрбірімізде смартфон бар, онсыз аттап басу мүмкін болмай қалды. Осындай смартфон-өмірге толықтай байланған шақта балалардың не көріп жүргенін бақылап отыру да қиынға соғып барады. Елімізде 17 миллион адам әлеуметтік желіні қолданады екен. Соның ішінде балалар әсіресе TikTok пен ютубты жиі көреді.
Жалпы, балалардың 46 %-ы телефонды 5-8 жас аралығында ұстай бастайды. Бұрынғыдай далада асыр салып ойнайтын бала азайды, есесіне смартфон – «екінші көздеріне» айналды. ЮНИСЕФ-тің зерттеуінше балалар тек ойын-сауық тамашаламайды, жағымсыз әрі қауіпті контенттерді де көреді. Себебі, TikTok секілді әлжелілер жылдам және қысқа видеолармен көрушінің назарын тез баурайды. Ұзақ ойлануға, қорытуға мүмкіндік бермейді. Контенті қысқа-нұсқа, қызықты, динамикаға толы рилстерден кейін баланың ой толғатып, тәлімді тәрбиеге шақыратын рухани дүниелерді көре қоюы екіталай.
Дәстүрлі телеарнаның да ролі әлсіреп барады. Үйдің төріндегі теледидардан баланың «Балапан» арнасын көрсе қуанасың. ЮНИСЕФ зерттеген статистикаға жүгінсек, қолында телефоны бар әрбір бала мен жасөспірімдердің 83 %-ы ойын ойнайды, ал 97 пайыз жасөспірім онлайнда отырады екен. Күніне орта есеппен 5-7 сағатын қысқа видеоларға, мобильді ойындарға, блогерлерге, лайфстайлдарға, челлендждерге т.б. жұмсайды. Сарапшылар мұндай құбылыс балалар мен жасөспірімдердің назарын төмендетіп, көпшілікпен араласу яғни қоғаммен байланысын әлсірететінін айтуда.
Ал енді бұған мемлекеттің реакциясы қандай? Не әрекет жасап жатыр деген сауалға келсек, Қазақстан цифрлық әлемнің әсерін мойындап, өткен жылы «Қауіпсіз Онлайн» жаһандық қорының қолдауымен Балаларды Интернеттегі зорлық-зомбылықтан, қанаудан қорғаудың екі жылдық бағдарламасын іске қосқан болатын. Өз кезегінде Үкімет жас ұрпақты отаншыл, әділетті, еңбекқор етіп тәрбиелеу мақсатында идеологиялық «Адал азамат» бағдарламасын бекітті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын әзірледі.
Балаларға арналған қазақша өнімдер көп пе?
Қазір елімізде балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығы айтарлықтай дамып келеді. Соңғы бес жылда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше 132 балалар кітабы жарық көріп, таралымы 396 мыңға жетті. Бұл балалардың оқуға деген қабілетін, қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Дегенмен ата-аналар балаларына қажетті кітаптар мен ғаламтордан көруге болатын қазақ тіліндегі тұщымды контенттерді таба алып жүр ме? Тапқаннан бұрын олар жеткілікті ме? Сапасы қандай? Астана қаласының тұрғыны ақын, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының анонс бөлімінің редакторы Құралай Омар балабақша жасындағы қыздарына ютубтан көрсететін дүние таппағанын, тапса да сапасы сын көтермейтінін, ал кітап дүкендерінде балаларға арналған қазақша кітаптың мүлде аз болғандығын атап өтті.
«Екінші баламен декреттік демалыста отырғанда «COCOBOOK» баспасынан балаларға арналған тақпақтар жазуға ұсыныс түсті. 2024 жылдан бері осы баспамен жұмыс істеп келемін. Кітаптары өте сапалы, тартымды. Жалпы, кішкентай баланы кітапқа қызықтыру үшін оның суреті, безендірілуі әдемі болғаны дұрыс. Тактильді немесе ойыншыққа ұқсайтын кітаптар бүлдіршіндерді бірден баурап алады. Сосын, әрине мәтіні сапалы, балаларға түсінікті болғаны жөн. Маған кітаптың тек суреттері жіберіледі. Сол суретке қарап отырып жаздым. Кітап екі тілде шығады. Аударма болып кетпеу үшін маған орысша нұсқасын жібермейді. Кітаптың суреттері әдемі, тартымды, мәтіні де сапалы болғандықтан, бұл кітаптарға сұраныс та көп. Осы уақытқа дейін «COCOBOOK» баспасынан 20-ға жуық кітабым шықты. Жаңа жылдан бері 40 шақты кітапқа тақпақ жаздым. Бұйырса, олар да жарық көреді. Сонымен қатар, «Арман-ПВ» баспасынан бір ертегім кітап болып шықты. Бұл баспа да балаларға арнап әртүрлі авторлардың 20 кітабын шығарды. Жалпы, ата-аналар балаға кішкентай кезінен ертегі айтуы керек. Ертегі тыңдап өскен баланың қиялы жүйрік болады. Себебі, мектеп жасына дейінгі балаларға айналасын тану өте қызық. Кітап баланың қиялын дамытатын, тілі жеңіл болғаны дұрыс. Ал бастауыш сынып оқушыларына қиял-ғажайып, фантастикалық шығармалар өтімді деп ойлаймын», - дейді ақын Құралай Омар.
Ақынның сөзінің жаны бар, Қазақстанда балалар фантастика мен комикс жанрына ерекше ден қоюда. Әсіресе шетелдік жазушы Джоан Роулингтің «Харри Поттерін» сүйсініп оқуда. Жалпы, ұлттық кино, ұлттық ертегі, ұлттық мультфильмдер арқылы ұрпақ санасына еліміздің құндылықтарын сіңіруге болады. Бұл ретте Мәдениет және ақпарат министрлігі көптеген отандық анимациялар түсіріп, шетелдік фильмдерді қазақшалап жатыр.