Қызылорда облысында 2024 жылға арналған коммуналдық кәсіпорындардың тарифтік сметаларының орындалуына жүргізілген талдау қорытындысы бойынша сумен жабдықтау және су бұру қызметтеріне тарифтерді төмендету бойынша шаралар қабылданды. Тексеруді Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті жүргізді.
Талдау нәтижесінде бірқатар кәсіпорындар тарифтер құрамында көзделген кірістерді толық көлемде мақсатты түрде пайдаланбағаны анықталды. Осыған байланысты тұтынушыларға қаражатты қайтаруға және тарифтік саясаттың ашықтығын арттыруға бағытталған уақытша өтемдік тарифтер бекітілді.
Атап айтқанда, түзетулер Қызылорда қаласында қызмет көрсететін «Қызылорда су жүйесі» коммуналдық кәсіпорнына қатысты енгізілді. Департамент мәліметінше, су беру қызметі бойынша негізсіз алынған кіріс көлемі 49,3 млн теңгені құрады.
Аталған кәсіпорын үшін 2026 жылғы 1 мамырдан 2027 жылғы 30 сәуірге дейінгі кезеңге өтемдік тариф бекітілді. Су беру тарифі (тарату желілері арқылы) ҚҚС-сыз текше метріне 107,73 теңгені құрап, қолданыстағы 110,62 теңгемен салыстырғанда 2,6%-ға төмендеді.
Едәуір төмендеу — 25%-ға дейін — Арал ауданының Сексеуіл кентінде қызмет көрсететін «Арал тазалығы» коммуналдық кәсіпорны бойынша тіркелді. Талдау қорытындысы бойынша сарқынды суларды бұру қызметі бойынша 3,1 млн теңге көлемінде негізсіз кіріс анықталды.
Осыған байланысты 2026 жылғы 1 сәуірден 2027 жылғы 31 наурызға дейін уақытша өтемдік тариф енгізіледі. Жаңа тариф ҚҚС-сыз текше метріне 220,17 теңгені құрайды, бұл бұрынғы 293,42 теңгемен салыстырғанда 24,9%-ға төмен.
Бұл бағыттағы жұмыс тарифтік қаражатты тиімсіз пайдалануға жол берген кәсіпорындарға қатысты тиісті шаралар қолдана отырып, жүйелі түрде жалғасатын болады.