Атырау облысындағы Жангелдин ауылында болған отбасы қазасына қатысты істің жаңа мән-жайы белгілі болды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Іс бойынша күдікті Ақбаян Мұқанғалиева Алматы қаласына жеткізілді. Өңірлік прокуратураның мәліметінше, ол Алматыдағы Сот сараптамалары институтына стационарлық кешенді сот-психологиялық және психиатриялық сараптама жүргізу үшін жіберілген. Қазіргі уақытта сараптама қорытындысы әлі дайын емес.
Бұған дейін сот санкциясымен Мұқанғалиева Атырау облысындағы арнайы медициналық мекемеге орналастырылған болатын. Наурыз айының соңында прокуратура өкілдері егер әйелден психикалық ауытқу белгілері анықталса, оны Алматыда қосымша сараптамадан өткізу жоспарланғанын айтқан.
Қазіргі уақытта күдікті мәртебесіне қарамастан, оған нақты айып тағылған жоқ және бұлтартпау шарасы да таңдалмаған.
Прокуратураның мәліметінше, іс бойынша түпкілікті құқықтық баға барлық мән-жайлар анықталып, тағайындалған сараптамалардың нәтижесі алынғаннан кейін ғана беріледі.