Қазақстанда жаңа мемлекеттік награда – "Әл-Фараби" ордені пайда болады. Бұл орден білім мен ғылым, мәдениет пен руханият салаларында ерекше жетістікке жеткен азаматтарға табысталмақ, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жаңа марапатты енгізу туралы бастаманы Қасым-Жомарт Тоқаев 10 сәуір күні ғалымдарды марапаттау рәсімі барысында көтерді.
"Бүгінгі салтанатты жиында тағы бір жақсы жаңалықты жариялағым келеді. Қазақ даласы көптеген кемеңгер тұлғалардың мекені болғанын білесіздер. Соның ішінде әлемге әйгілі ойшыл әл-Фарабидің орны ерекше.
Оның мұрасы – бүкіл адамзаттың асыл қазынасы, өркениет ойының шыңы. Осыған орай, мен жоғары мемлекеттік марапаттар тізіміне арнайы "Әл-Фараби" орденін енгізу қажет деп санаймын", – деді мемлекет басшысы. Оның сөзін Ақорда таратты.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы биыл алғаш рет бірнеше жаңа марапаттың табысталатынын жеткізді. Атап айтқанда, "Мейірім", "Қожа Ахмет Ясауи" және "Әл-Фараби" ордендері Республика күні қарсаңында иелеріне табыс етіледі.