2000–2025 жылдар аралығында дүние жүзі халқы 6,1 миллиардтан 8 миллиардтан асты. Бірақ бұл өсім барлық елдерде бірдей болмады – Парсы шығанағы елдері мен Африка жарылыстай өсіп жатса, Шығыс Еуропа мен Балтық елдері халқынан айрылуда. Дүниежүзілік банк пен БҰҰ-ның жаңа деректері бойынша, соңғы 25 жылда жер шарының халқы шамамен 30 пайызға өсті – жалпы есепте 183 ел өсті, 32 ел азайды.
Өсім жарысында бірінші орынды Парсы шығанағы алды. Қатар 25 жылда халқын бес есе арттырды — бұл бүкіл тарихтағы ең жылдам өсімдердің бірі. Мұның себебі анық – газ бен мұнай экономикасының өрлеуіне байланысты жұмысшы мигранттардың ағыны. БАӘ (+249%), Бахрейн (+153%), Кувейт (+139%), Оман (+129%) да осы үрдісті қайталады. Африкада да жағдай айқын – континент 2000 жылдан бері халқын 76 пайызға арттырды. Нигер (+157%), Ангола (+139%), Чад (+126%) – осы тізімнің алдыңғы қатарында.
Суреттің екінші жағы мүлдем басқаша. Украина соңғы 25 жылда халқының үштен бірін жоғалтты – минус 32,5 пайыз. Соғыс пен эмиграция үлесі зор. Болгария (-23%), Латвия (-21%), Молдова (-18%), Румыния (-16%) да осы санатта. ЕО-ға кіру шекараларды ашты – бірақ бірге халықты да «ағызып» жіберді. Жастар Батысқа кетуде, туу деңгейі өспей тұр.
Қазақстан осы картада жарқын көрініс тапқан, оң аймақта – плюс 37 пайыз. Бұл аймақтағы ең жақсы көрсеткіштердің бірі. Салыстыру үшін: Монғолия +49%, Ресей болса барлық ірі экономикалар арасынан ең нашар нәтижені көрсетті – минус 1%. Демографтардың пікірінше, Орталық Азиядағы жас халық құрылымы – басты артықшылық. Алайда урбанизация, ішкі миграция және еңбек күшінің шетелге кетуі ұзақ мерзімде осы артықшылықты жіңішкерте алады – деген де пікірлер бар.
Сарапшылар әлем демографиялық тұрғыдан «екіге бөлінуде» деген тұжырым жасауда. Бір жағында жас, өсуші Африка мен Азия, екінші жағында қартаюшы, азаюшы Еуропа. Бұл тек статистика емес – бұл болашақтағы жұмыс күші, нарық мөлшері, геосаяси салмақ дегенді білдіреді.