АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер Ормуз бұғазы мәселесіне байланысты тоқырауға ұшырады. Тараптар негізгі шарттар бойынша ортақ мәмілеге келе алмай отыр.
Исламабадта өткен келіссөздер барысында басты қайшылық Ормуз бұғазын бақылау мәселесіне тірелген. Иран бұл стратегиялық аймақты толық бақылауда ұстап, одан өтетін кемелерден алым алуға құқылы екенін алға тартқан. Ал АҚШ бұғазды бірлесіп басқару идеясын ұсынып отыр. Алайда Тегеран бұл ұсынысты қабылдамады.
Иран тарапы Вашингтонның талаптарын «шектен тыс» және «қабылдауға келмейтін» деп бағалаған. Ресми Тегеран АҚШ әскери және экономикалық қысым арқылы қол жеткізе алмаған мақсаттарына келіссөз арқылы жетуді көздеп отыр деп есептейді.
Келіссөздер бірнеше кезеңнен өткен. Қазір олар сарапшылар деңгейіне ауысып, экономикалық, әскери және ядролық мәселелер жеке-жеке қаралып жатыр. Күн тәртібінде жоғары байытылған уран тағдыры, санкцияларды алып тастау және Иранның аймақтағы ықпалы да бар.
Сарапшылардың айтуынша, Ормуз бұғазы төңірегіндегі келіспеушілік тек екі ел арасындағы мәселе емес. Бұл – әлемдік мұнай тасымалына тікелей әсер ететін фактор. Сондықтан келіссөздердің тағдыры жаһандық энергетика нарығына ықпал етуі мүмкін.
Қазір келіссөздердің қашан нәтиже беретіні белгісіз. Бірақ бір нәрсе анық: Ормуз бұғазы тек геосаяси емес, экономикалық қысым құралына айналып отыр.