Елордадағы Есіл ауданында орналасқан 21 қабатты тұрғын үйде өрт шығып, қайғылы жағдай орын алды. Оқиға Түркістан көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінде болған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, өрт 15-қабаттағы пәтерден шыққан. Құтқару жұмыстары барысында пәтер ішінен күйік алған әйел эвакуацияланып, жедел жәрдем қызметіне тапсырылған. Ол №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізілді.
Өкінішке қарай, оқиға орнынан үш кәмелетке толмаған баланың мәйіті табылған.
Құтқарушылар жоғары қабаттардан 20 адамды қауіпсіз жерге шығарып, тағы 40-қа жуық тұрғын өз бетінше эвакуацияланған.
Қазіргі уақытта өрт толықтай сөндірілген. Оның шығу себептері анықталып жатыр.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, зардап шеккен әйелге және қаза тапқан балалардың отбасына қажетті барлық көмек көрсетіледі.