Ғылыми мүмкіндіктер әлеуеті

Бүгін, 11:35 / Ахмет Қанатұлы
UGC

Қазақстанда ғылым саласы соңғы жылдары айтарлықтай қарқын алып келеді. Көптеген көрсеткіштер бойынша оң өзгерістер байқалады. Әсіресе ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру мен кадрлық әлеуетті күшейту бағытында ілгерілеу бар. Сонымен қатар, сала мамандарын қолдау шаралары да жүйелі түрде күшейіп келеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қазір әлемде бәсеке күшейіп тұрған кезең. Бұл әсіресе ғылым мен технология саласында анық сезіледі. Жуырда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды дамытудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, басты мақсат - тиімді ғылыми орта қалыптастырып, инновацияны дамыту және ғылымды өндіріс саласына барынша жақындату. Осы міндеттерді іске асыру үшін елде нақты саясат жүргізіліп жатыр.

Енді нақты деректерге тоқталсақ. 2023 жылы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалған қаржы 121,5 млрд теңге болса, биыл бұл көрсеткіш 260 млрд теңгеге жеткен. Яғни, екі есеге артқан. Бұл мемлекет ғылымды тек сөз жүзінде емес, нақты қаржылай қолдап отырғанын көрсетеді. Қаржыландырудың артуы жаңа жобалардың көбеюіне жол ашты. 2025 жылы 1 104 ғылыми зерттеу аяқталған. Оның 572-сі қолданбалы, 532-сі іргелі зерттеу. Қолданбалы жобалардың ішінде 35,8%-ы коммерцияландырылған. Қазір 205 жоба жүзеге асырылып жатыр, тағы 65 келісімшарт жасалған.

Ғылыми жобалардың көбеюі бұл салаға қызығушылықтың артқанын да көрсетеді. Соңғы деректерге сүйенсек, ғылым саласында жұмыс істейтіндер саны 28 мыңнан асты. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 30%-ға көп. Ең маңыздысы – жастардың ғылымға бет бұруы. 2021 жылы жас ғалымдар саны 7,5 мың болса, 2025 жылы 13,5 мыңға жеткен. Яғни олардың үлесі 35%-дан 48%-ға өскен. Сонымен бірге зерттеушілердің орташа жасы да төмендеп, 47-ден 44 жасқа түскен.

Бүгінде Қазақстанда 2 мыңнан астам ғылым докторы, 4,8 мыңнан астам ғылым кандидаты, 4,8 мыңға жуық PhD докторы бар. Тағы бір назар аударарлық жайт – ғылымдағы әйелдердің үлесі. Қазір ғылыми қызметкерлердің 56%-ы әйелдер. Бұл салада гендерлік тепе-теңдік қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

Кадр саны ғана емес, оның сапасы да өсіп келеді. Соның нәтижесінде қазақстандық ғалымдар нақты нәтиже көрсетіп, экспортқа бағытталған жобаларды жүзеге асыра бастады. Мысалы, SatbayevUniversity жанындағы Металлургия институтының технологиясы негізінде «Қазақмыс Прогресс» кәсіпорнында алғаш рет вакуумдық дистилляция әдісімен тазалығы 99,5% болатын СТ-1 маркалы техникалық селен өндірілді. Бұл өнімнің қосылған құнын 30%-дан 97%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Ал 2025 жылдың қаңтарында Қытайға 100 тоннадан астам жоғары тазартылған селен экспортталған.

Тағы бір маңызды жоба – NazarbayevUniversity ғалымдарының әзірлемесі. Олар отандық шикізаттан литий-ионды аккумуляторларға арналған катод материалдарының прекурсорларын алу технологиясын жасаған. Бұл бағыттың әлеуеті өте жоғары – болжам бойынша өндіріс көлемі 40 млрд долларға дейін жетуі мүмкін. Демек, Қазақстан жаһандық аккумулятор нарығына қосылуға мүмкіндік алып отыр.

Халықаралық әріптестік те күшейіп келеді. 2025 жылы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті HorizonEurope бағдарламасының жеңімпазы атанып, осы бағдарламаға қатысқан алғашқы қазақстандық ЖОО болды. Университет 12 елден 25 ұйым қатысқан, жалпы бюджеті 8 млн еуроны құрайтын TiBeRIUM жобасына енді.

Ғылым саласын дамыту тек зерттеулермен шектелмейді. Бұл жерде әлеуметтік қолдау да маңызды рөл атқарады. Осы бағытта да нақты шаралар қолға алынған. Мәселен, 2024 жылдан бастап ғылыми дәрежесі мен атағы бар мамандарға 17-ден 50 АЕК-ке дейін қосымша төлем қарастырылды. Сонымен қатар, ғылыми зерттеулерге инвестиция тарту үшін салықтық жеңілдіктер енгізілді - ҒЗТКЖ бойынша 300%-ға дейін супер шегерім қарастырылған. Нәтижесінде жеке сектордың ғылымға қызығушылығы артып келеді. 2025 жылы ғылыми жобаларға салынған жеке инвестиция көлемі 24 млрд теңгеге жетті. Ал қосымша 8,8 млрд теңге тарту мүмкіндігі бар.

Жас ғалымдарды қолдау да назардан тыс қалған жоқ. 2025 жылы 271 жас зерттеушіге пәтер берілді. Оның 192-сі «Отбасы банк» арқылы жеңілдетілген несие бағдарламасы бойынша, ал 79-ы Алматы қаласында тегін табысталған. Сонымен қатар, ғылым саласы бойынша 6 сыйлық, 75 мемлекеттік ғылыми стипендия берілді. Оның ішінде 50-і жас ғалымдарға арналған. Бұдан бөлек, 50 ғалым «Үздік ғылыми қызметкер» атағын алды. Тағы 250 зерттеуші әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алды.

Қазақстан – терең тарихи мұрасы мен берік ғылыми негізі бар мемлекет. Үлкен әлеуетке ие ел ретінде Қазақстан жетекші әлемдік экономикалардың қатарынан орын алу үшін белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Бұл бағытта заңнамалық өзгерістерден бастап, ауқымды әлеуметтік-экономикалық реформалар мен инновациялық секторды қолдауға дейінгі кешенді шаралар қабылдануда.

Қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң сала өкілдері үшін бағыт-бағдар беретін негізгі құжатқа айналып, жоғарыда аталған қолдау шараларын іске асыруға негіз болды. Алдағы уақытта ғылыми саланы одан әрі жетілдіру үшін ауқымды жұмыс қажет болғанымен, қол жеткізілген нәтижелер отандық ғылым үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Қалыптасқан негіз енді ғылыми әзірлемелерді өндіріске нақты енгізуге, жас таланттарды жүйелі қолдауға бағытталуға мүмкіндік береді. Ал басты міндет - заңнамалық нормаларды ғылым мен экономиканың өзара байланысын күшейтетін, ғалымдардың әлеуметтік қорғалуын арттыратын және мамандық беделін көтеретін нақты жұмыс істейтін тетіктерге айналдыру.