Дәстүрлі дін мен салт-дәстүр: Ұлттық құндылықтарды қалай сақтаймыз?

Бүгін, 17:05 / Arasha.kz

Жаһандану үдерісі күшейген қазіргі кезеңде қоғам алдында ұлттық болмысты сақтай отырып, заманауи даму жолына бейімделу мәселесі өзекті болып отыр. Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің дінтану кафедрасының доценті Кеңшілік Тышқанмен болған сұхбатта дәстүрлі құндылықтардың мәні, руханияттың әлсіреу себептері, ұлттық киім мен отбасы институтының рөлі, сондай-ақ радикалды көзқарастар мен ақпараттық ықпалдың қоғамға әсері жан-жақты талқыланды.

Сарапшының айтуынша, дәстүр мен жаңашылдықты қарсы қоюға болмайды – бастысы ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, өркениет көшінен қалмау.

– Бүгінгі тақырыбымыз - дәстүрлі құндылықтар. Қоғамда бұл ұғымды әркім әртүрлі түсініп жүр. Сіздің ойыңызша, дәстүрлі құндылық дегеніміз не? 

– Дәстүрлі құндылық дегеніміз – бұл бір халықтың ғасырлар бойы жинаған мәдениетіне жататын, халық оны құндылық ретінде мойындаған дүниелер.

Құндылықтарды екіге бөлікке бөліп қараймыз: біреуі материалдық, екіншісі рухани құндылықтар. Біздің айтып жүрген дүниелеріміздің көбі рухани құндылықтарға байланысты. Бұл - біздің салтымыз, тіліміз, дініміз.

Ал енді оның ішінде өзіміздің ұлтқа, мемлекетке, халыққа қызмет ететін басымдығы бар дүниелерді дәстүрлі құндылықтар деп атап, соның ішіне енгізіп жатырмыз.

Тіпті дін мәселесінің өзін де дәстүрлі емес діндер, дәстүрлі діндер деп екіге бөліп жүрміз. Яғни біз ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан, өзіміз білетін, аталарымыздан бері жалғасып келе жатқан дүниелерді дәстүрлі дін немесе дінге дәстүрлі көзқарас деп айтып жүрміз. Бұл заңмен бекітілмегенімен, жалпы халықтың арасында бұл жылы қабылданады деп айтуға болады. Өйткені жаңа дүниелер - Еуропадан келе жатқан дүниелер, шығыстан келіп жатқан дүниелер, мұсылман елдерінен келіп жатқан қаншама дүниелер бар. Олардың барлығын біз бойымызға сіңіре беретін болсақ, ол біріншіден, біздің руханиятымызға, тұтастығымызға, бірегейлігімізге, сабақтастығымызға қауіп төндіреді. Сол себепті біз өзіміздің дәстүрлі дүниелерімізді жаңғырта отырып, заманның көшіне ілескіміз келеді деп ойлаймын.

– Қазір заман өте қарқынды дамып жатыр. Жаһандану дәуірінде дәстүрлі құндылықтар әлсіреп бара жатқан жоқ па? 

– Біз тәуелсіздік алған кезде өзіміздің дәстүрімізбен, мәдениетімізбен, салтымызбен толық алдық деп айту қиын. Біз мәдениетімізді, дәстүрімізді «жаралап» алған едік. Коммунизм дедік, Кеңес одағы дедік, әртүрлі идеологиялар болды - коммунистік, социалистік. Сол идеологиялардың қолында кетіп, біраз халық өзінің руханиятын әлсіретіп алды.

Ал тәуелсіздік алған кезде біз сол руханиятты қайтадан жаңғыртып үлгермей, жаңа тенденциялар – батыстан, шығыстан әртүрлі идеологиялық құндылықтар кіріп кетті. Сөйтіп біз өзіміз кішкене абдырап қалдық.

Оның үстіне жастар да – тәуелсіздіктен кейінгі жастардың түсініктері әртүрлі. Әр шетелге барып білім алады, басқа елдерді көреді. Тіпті тек қана жастар ғана емес, дін саласында жүрген азаматтар да шет елдерден білім алып келіп, солардың құндылықтарын, киім-кешегін, мәдениетін, діннің шаблонын «дін» деп түсіндіріп, біраз дүниелерді халқымызға сіңіріп жіберді. Сөйтіп біз біраз нәрселерді қабылдап үлгердік.

Дегенмен де халықтың жаппай наразылық танытуы, әлеуметтік желілерде қайшылықтардың көрініс табуы - бұл заңды құбылыс. Заңды күрес, заңды теке-тірес деп айтуға болады.

Бірақ «біз дәстүрімізді толық жаңғыртып үлгердік пе?» деген сұраққа – жоқ, әлі толық емес. Әлі күнге дейін біз ұлттық киіммен жүрмейміз, әлі күнге дейін ана тілімізде таза сөйлей бермейміз, әлі күнге дейін руханиятымызға қатысты дүниелерді ашық айта бермейміз.

Батыстан келген мәдениеттер, көзқарастар кейде жалт-жұлт етіп көрініс тауып жатады. Әсіресе, жастардың арасында, мысалы, тіл мәселесі болсын, салт-дәстүр, тәрбие мәселесі болсын. Мұның барлығы біздің руханиятымызға зиян келтіретін дүниелер.

Иә, біз шығыстың мәдениетін, дәстүрін, өзімізге тән дүниелерді, дәстүрлі құндылықтарымызды жаңғыртсақ, біз заманның көшінен қалып қоямыз деп айтуға болмайды. Өйткені мәдениет пен дәстүр – бір бөлек, ал ғылым мен технология – бір бөлек дүние. Сіз қандай киім киіп жүрсіз, қандай тілде сөйлеп жүрсіз – ол ғылым мен технологияны дамытуға кедергі емес. Бірақ болмыс ретінде өз ерекшелігіңізді сақтайсыз. Әлемге де сол қызық.

Мысалы, шетелден келген туристер біздің батысқа ұқсап кеткен мәдениетімізді көру үшін келмейді. Олар біздің киіз үйімізді, салтымызды, мәдениетімізді, тілімізді, қонақжайлығымызды көргісі келіп, басқа да ұлттық рухани құндылығымызға тәнті болу үшін келеді.

Егер біз олардан айырмашылығымыз болмаса, онда біздің бірегейлігіміз қайда қалады? Біздің басқа халықтан қандай ерекшелігіміз бар деген мәселені назарда ұстау керек. 

Әрине, шабуыл өте көп. Ол қандай мәдениет болмасын, қандай өркениет болмасын белгілі бір деңгейде сыртқы ықпалға ұшырайды. Әлсіз мәдениеттер мен өркениеттер өзге ықпалдың астында қалып, тіпті ассимиляцияға түсіп, жоғалып кетуге дейін баруы мүмкін. Бірақ осы орайда ұлт ретінде, халық ретінде, мемлекет ретінде біз өзіміздің құндылықтарымызды қолдап, жаппай қолданысқа енгізіп, өз-өзімізді сыйлауымыз керек. Қазақта бір жақсы сөз бар ғой: «Өзіңді өзің сыйласаң, жат жанынан түңілер».

Яғни өзімізді құрметтеп, өзіміздікі деген дүниелерге немқұрайлы қарамай, керісінше өз болмысымызға деген сыйластықпен қарауымыз керек. Ал қалған дүниелерді біз мәдениет ретінде, өркениет ретінде қабылдай аламыз. Менің ойымша, сонда ғана біз ұтылмаймыз.

Әсіресе руханият тұрғысында, әсіресе тәрбие тұрғысында мен осыны баса айтқым келеді. Өйткені қазір сырттан келіп жатқан түрлі мәдениеттер, әртүрлі мемлекеттерден келген көзқарастар біздің жастардың санасына әсер етіп жатыр. Соның салдарынан эгоизм күшейіп, «әркім тек өзі үшін өмір сүруі керек» деген сияқты ұстанымдар қалыптасып жатыр.

Бұл өз кезегінде отбасы құндылықтарына, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасқа, жалпы демографиялық мәселелерге де өз зардабын тигізуі мүмкін деп қорқамын.

Қазір қалалық, урбанизацияланған қоғамда көп жағдайда «мен өзім үшін өмір сүремін» деген түсінік басым болып барады. Соның салдарынан ажырасулар көбейіп, отбасылық институт әлсіреп жатқандай көрінеді.

Сондықтан біз руханият пен тәрбиені қатар алып жүруіміз керек. Дәстүрлі құндылықтарды сақтай отырып, заман талабына да бейімделу қажет.

– Соңғы уақытта ұлттық құндылықтарды жаңғырту, соның ішінде ұлттық киімді дәріптеу белсенді түрде байқалып жатыр. Осы үрдіске қалай қарайсыз? Бұл табиғи сұраныс па, әлде мемлекет тарапынан қолдау ма?

– Иә, ұлттық құндылықтарды жаңғырту деген дүниені қазір мемлекетте де, тиісті құрылымдарда да өз қолдарынан келгенше қолға алып жатқан жағдай бар. Мысалы, мектептерде қазір «Ұлттық киім күні» деген сияқты немесе жоғары оқу орындарында ұлттық киімге арналған күндер бекітіліп жатыр. Сол күндері адамдар қолында бар ұлттық киімдерін киіп, жұмысқа, сабаққа барып жүр. Бұл, әрине, қуантады.

Бірақ дегенмен де бұл тек науқаншылдық немесе жоғары жақтың талабымен ғана болмауы керек. Халықтың өзі оны саналы түрде қабылдауы керек. Қазір халықтың ішінде де өз еркімен, күнделікті өмірде өзіне жарасымды ұлттық элементтері бар киімдерді киіп жүрген азаматтар кездеседі.

Бірақ бұл жерде бір мәселе бар: жаппай киюге келген кезде кедергілер кездеседі. Ол - қаражат, қолжетімділік, стиль және ұлттық киімдердің қазіргі заманға бейімделуі.

Шынын айту керек, қазіргі кезде ұлттық киімдердің бір бөлігі көрші елдерден тігіліп, сол жақтан дайын күйде әкелініп жатыр. 

Сондықтан да бұл мәселені тек бір реттік науқан ретінде емес, жүйелі түрде жаңғырту керек. Егер балабақшаларда арнайы киімдер болса, мектептерде ұлттық деңгейдегі формалар енгізілсе, балалар кішкентайынан соған үйреніп өссе, онда оны жатырқамайды деп ойлаймыз.

Бұрынғы кезде кейбір нәрселерді біз «ескі заманның қалдығы» деп немесе «орта ғасырдың дүниесі» деп қабылдайтын едік. Ал қазір оны біртіндеп көз үйрету арқылы жастарға да, қоғамға да өз құндылығы ретінде сіңіруге болады.

Бірақ дегенмен де бұл жерде әлі де жұмыс бар. Қозғалыс бар, талпыныс бар, бұрынғыға қарағанда ілгерілеу бар. Дегенмен ұлттық киімдердің сапасы, қолжетімділігі, бағасы сияқты мәселелер де әлі толық шешілген жоқ деп ойлаймын. Әсіресе дін қызметкерлері, мешіттің айналасындағы имамдардың киімі көбіне бір қалыпта, стандартқа түскен күйде ғана қалып жатады. Сондықтан да бұл мәселені де жаңғырту керек шығар деп ойлаймын. Әр түрлі талғамға, әр түрлі ортаға бейімделген ұлттық киім үлгілері болса, қоғам оны кеңірек қабылдайды деп ойлаймын. 

Дегенмен, тағы бір мәселе бар – біз кейде әсірешілдікке ұрынып кетеміз. Ұлттық киімді насихаттаймыз деп, барлық жерге ою-өрнекті шамадан тыс қолдана береміз. Бұл да дұрыс емес.

Негізінде ұлттық киім дегеніміз – тек ою-өрнек емес. Ол күнделікті өмірге ыңғайлы, қарапайым, бірақ ұлттық болмысты көрсететін киім болуы керек.

Сондықтан бұл жерде мәдениет саласының мамандары, дизайнерлер, жалпы осы бағытта жұмыс істейтін мамандар өз пікірін айтып, бір жағынан артық кетсе түзетіп, бір жағынан кем түссе толықтырып отыруы керек.

Біз бұрынғы ұлттық киімдерді сол күйінде қайта әкеліп қолдану қиын екенін түсінуіміз керек. Саптама етік, ішік, күпі сияқты дүниелер қазіргі заманға толық келе бермейді.

Сол себепті оны заманға бейімдеп, жаңа үлгілер шығару керек. Сонда ғана жастар да оны қабылдайды. Әсіресе шетелге шыққанда немесе шетелдіктер келгенде ұлттық киімді киіп, мәдениетті көрсетуге мүмкіндік болады.

– Соңғы уақытта радикалды пікірлер де байқалып жүр. Кейбіреулер ұлттық құндылықтарды жоққа шығарып, түрлі даулы пікірлер айтып жатыр. Бұған көзқарасыңыз қандай?

– Бұл - белгілі құбылыс. Бізде радикалды бағыттағы ағымдар бар. Олар үшін ұлттық ерекшелік, салт-дәстүр - кедергі. Өйткені мәдениет, тіл, ұлттық құндылықтар - қоғамды ұстап тұрған тірек. Сол тіректерді жойған кезде ғана олар өз идеологиясын еркін жүргізе алады.

Сондықтан да қазақтың салт-дәстүріне қарсы шығатын, оны жоққа шығаратын топтар - ұлттық мәдениетті қолдайтын топтар емес. Олар арнайы тапсырмамен ұлттық болмысты жоюға бағытталған идеологияның құралдары.

Сондықтан олардың Наурызға қарсы шығуы - бұл жай ғана діни көзқарас емес, мұның астында үлкен идеологиялық мақсат жатыр.

Олар тілімізді де жоққа шығарады, дәстүрімізді де жоққа шығарады. Ал адам оны жоққа шығарғаннан кейін адам кімнің қолында кетеді? Әрине, сол идеологияның қолында қалады. Сондықтан мұны идеологиялық көрініс ретінде ғана қабылдау керек. Мұндай ағымдар бар, оның өкілдері көп. Мұндай пікірді айтқан тек біреуі ғана, қалғандары үндемей көбейіп жатыр. Сол себепті бұл мәселені депутаттардың көтеруі де заңды құбылыс. Бізде діни сенім бостандығы бар, ол жалпы әлемдік құқықтық норма. Бірақ бұл бостандық ұлттық тамырға, мәдениетке зиян келтіретін деңгейге жетпеуі керек. Қажет болған жағдайда заңмен реттелуі тиіс. Бірақ неге біз оны заңмен нақтылап, ашық түрде атын атап көрсетпейміз, неге құқықтық тұрғыда нақты шектеулер қойылмайды - осы сұрақтар да туындайды. Мүмкін депутаттар осы мәселені көтеріп отырғаны да содан шығар. 

Дәстүрлі дініміз бар, дәстүрлі дініміздің жанашырлары бар, діни басқармамыз бар, имамдарымыз бар. Олардың ішінде дала ала-құлалық бар. Сондықтан біз осы жүйенің ішінде дұрыс бағытты ұстап отыруымыз керек. Бірақ дегенмен де біздің салтымызға, санамызға, мәдениетімізге түбегейлі қарсы шығып жатқан уағыздар да бар. Олардың да уақытында атын атап, түсін түстеп, қайта есін жинамастай етіп, дер кезінде қарсы шығып отыруымыз керек. Бірақ өкінішке қарай бізде бұл жұмыс бәсең жүріп жатыр.

Кейбір әйелдеріне байланысты пікір айтқан азаматтар бар. Бұл жерде де біздің дәстүрімізге сай келмейтін, қолдап кетуге болмайтын дүниелердің көрінісі байқалады.

Сол үшін де ондай адамдарды эфирге шығару, оларды дәріптеу, оларды жаппай бөлісу – «жерден жеті қоян тапқандай» қайта-қайта насихаттау, қайта-қайта подкастқа шақыру деген сияқты әрекеттер менің ойымша түсініксіз нәрсе.

Бізде көбінесе ақпарат құралдары белгілі бір адамдарды көп көрсетіп жібереді, ал оның салдары қоғамға әсер етеді. Сондықтан кім шығу керек, кімнен үлгі алу керек, кімнен үлгі алмау керек - мұның барлығы белгілі бір сүзгіден өтуі керек. 

– Соңғы жылдары бізде эстрада жұлдыздарының кейбірі әлеуметтік желіде бірде оранып, бірде қайтадан бұрынғы киім стиліне оралып жатқанын жиі байқап жүрміз. Бұл құбылысты қалай түсінуге болады? 

- Діннің ар жағында көптеген жамағат, топ бар. Дінді біз тек қана мешітке барып, Құраннан оқып үйреніп, зерттеп оқып жатқан жоқпыз ғой. Көбіне әлеуметтік желілердегі уағыздар, топтарға қосылып, сол жерде айтылған дүниелерді дәріптеп, топ-топ болып өмір сүріп жатырмыз. Сол үшін де ол жердегі топ-топ болып өмір сүрген кезде оның астарында екі нәрсе бар: біреуі - өздері сенетін дүниені тарату, екіншісі – сол таратуға ауқатты адамдардың қаржылай көмектесуі.

Сол үшін діннің ар жағында кейде ақшаның да ұшы көрініп қалады. Өйткені жамағаттар, топтар, біздің адамдар деген дүниелер болады, олар өздерінің адамдарына қаржылық қолдау көрсетуге, қиналған кезде қол ұшын беруге, әртүрлі кәсіп бастауға ықпал етуге ұжымдасып жатыр.

Сондықтан ондай топтарға түскен адамдар кейде белгілі бір мүдде үшін, қаражат үшін, немесе өз көзқарасына жат болса да, пайда үшін сондай әрекеттерге барып жатуы мүмкін.

Ал егер адам дінді өзі терең түсініп, ақылмен, жан-жақты зерделеп барып қабылдаса, ондай нәрселер тұрақты болады, құбылмайды деп ойлаймын. 

Сондай-ақ қоғамның әртүрлі көзқарастары да адамға ықпал етуі мүмкін. Мысалы, бүгін біреу дін жолына түсіп, сол бағытта жүре бастаса, айналасындағы адамдар «ойбай, сен не болып кеттің?» деп жан-жақтан қысым көрсетуі де мүмкін. Содан ол адам бәрін тастап кетіп қалуы да ықтимал. Сондықтан ондай адамдар туралы біз ешқашан сыртынан сөз айтуға асықпауымыз керек.

Бірақ дегенмен де дін деген дүниенің ғасырлар бойы тарихы бар, біздің құндылықтарымызда да, мәдениетімізде де орны бар құбылыс, оны жоққа шығаруға болмайды.

Енді өзіңіз айттыңыз ғой, қазіргі мәдениет пен салт-дәстүр мәселесінде кейбір өзгерістер байқалады. Мысалы, әйел азаматтардың жалаңбас жүруі, шашын қысқарту, жартылай ашық киіну сияқты жағдайлар біздің дәстүрімізде бұрыннан болмаған. Біздің әжелерімізден біз ондайды көрген жоқпыз. Сондықтан да бұл жерде бірден шетке кетіп қалмау керек. Яғни бір жағынан тым жабық болып, екінші жағынан мүлде шектен шығып кетпей, орта деңгейін ұстану қажет.

Қыз баланың да, ер азаматтың да киім кию мәдениеті, жүріс-тұрысы, тәрбиесі өз деңгейінде болуы керек. Оны бір жақты түсіндіріп, тек бүркеп тастау керек немесе керісінше мүлде еркіндік беру керек деуге болмайды. Яғни оны толық бүркеп тастау керек, бет-аузын жасыру керек деген де біздің мәдениетімізде жоқ. Бірақ екінші жағынан мүлде шектен шығып, жалаңаштану, тым ашық киіну деген де біздің дәстүрімізге сай келмейді. Сондықтан осының ортасын табу қажет.

Батыстың дүниелеріне еліктеп, бір жағынан шектен тыс еркіндікке кету немесе екінші жағынан тым қатаң шектеуге түсіп кету - екеуі де дұрыс емес. Бізге осы екі аралықтағы теңгерімді сақтау маңызды.

– Қазір қоғамда отбасы құндылықтары, ер мен әйелдің рөлі туралы әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Осы тұрғыда отбасы институтын, дәстүрлі құндылықтарды қалай сақтап қалуға болады?

– Әрине, мұның барлығы тәрбие отбасынан басталады. «Отан - отбасынан басталады» демекші, отбасы бүтін болатын болса, бала да соған сай қалыптасады.

Әке көрген ұл, шеше көрген қыз деген бар. Яғни әке-шешесінің тәрбиесін көріп өскен балада өз болмысы қалыптасады. Егер ұл өз орнында, қыз өз орнында тәрбиеленсе, ешқандай ауытқушылықтар болмайды.

Қазір кейбір мінез-құлықтық өзгерістер де байқалады: ұл мінезді қыздар, қыз мінезді жігіттер көбейіп бара жатқандай. Бұл да белгілі бір деңгейде қоғамдағы тәрбиенің әлсіреуінен болуы мүмкін.

ЛГБТ сияқты құбылыстардың ар жағында тек бір себеп емес, бірнеше фактор бар. Оның ішінде психологиялық фактор да, әлеуметтік фактор да бар. Сондықтан оны тек біржақты қарауға болмайды.

Бірақ негізгі мәселе – отбасы институтының әлсіреуі. Қазір ажырасу көбейіп барады. Жас отбасылардың тез ажырасып кетуі жиі кездеседі. Бұған түрлі себептер бар: экономикалық жағдай, психологиялық дайындықтың болмауы, эгоизмнің күшеюі.

Қазір «мен өзім үшін өмір сүремін» деген түсінік көбейіп кетті. Ал бұл отбасы құндылығына әсер етеді. Себебі отбасы деген - тек өзің үшін емес, бір-біріне бейімделу, кейде сабыр сақтау, кейде шегініс жасау.

Егер біз осыны дұрыс түсіндіріп, тәрбиеден бастап қалыптастыра алсақ, отбасы институты да нығаяды деп ойлаймын.

– Қазіргі Қазақстан қоғамына қандай құндылықтар жетіспейді деп ойлайсыз? Бірнеше маңыздысын атап өтсеңіз.

– Енді біздің қазақ қоғамында, біріншіден, қазақтың өзінің дәстүрлі көзқарастарына байланысты кейбір нәрселер бар. Ол кейде кішкене теріс бағытқа да пайдаланып кетуі мүмкін.

Бұл - адалдық мәселесі. Бізде көбінесе кәсібиліктен бұрын жақындық, таныстық алға шығып кетіп жатады. Соның салдарынан кейде жемқорлыққа да жол ашылып қалады.

Ал шын мәнінде, біз кәсібилікті бірінші орынға қоюымыз керек. Кім мықты, кім білікті - сол адам алға шығуы тиіс. Сонда ғана сала дамиды. Ал таныстықпен келген адам болса, онда бармақ басты, көз қысты әрекеттер көбейеді.

Сондықтан жемқорлықтың алдын алу үшін кәсібилік пен адалдықты, ізгілікті алға шығаруымыз керек. Өйткені мемлекет - бәріміздің ортақ құндылығымыз. Оны пайдалану емес, сақтау керек.

Мысалы, салынып жатқан жолдар, жүргізіліп жатқан су - бәрі біздің ортақ игілігіміз. Оған немқұрайлы қарасақ, нәтиже де төмен болады.

Жалпы, қоғамда немқұрайлық бар. Бұл - өте қауіпті. Кез келген салада байқалады.

Екіншіден, бізде бұрыннан келе жатқан кейбір теріс жүйелер бар. Мысалы, әскердегі әлімжеттік, түрмелік жүйенің элементтері, оқу орындарындағы ескі тәсілдер - бұлардың бәрі кеңес кезеңінен қалған.

Сондай-ақ бастықтан қорқу, жалған белсенділік, шағымдану сияқты әдеттер де сақталып қалған.

Мысалы, біреу шындықты айтса, оны бірден «жау» сияқты қабылдайды. Ал негізінде, керісінше, сол сын арқылы түзелу керек.

Жалпы, қайшылық болмаса, даму болмайды. Бұл - философияның да заңы.

Бірақ бізде кейде кез келген қарсы пікірді қауіп ретінде қабылдайды. Бұл - дұрыс емес. Бұл да кеңестік кезеңнен қалған үрейдің салдары деп ойлаймын.

Біз конструктивті сын қабылдай білуіміз керек. Бірақ ол ұлттық құндылықтарды жоюға бағытталмауы тиіс. Ұлттық бірегейлік, мемлекет тұтастығы - бұлар біз үшін қасиетті дүниелер.

Үшіншіден, қоғамда зиянды әдеттерге қарсы күрес маңызды. Мысалы, бұрын ішімдік мәселесі өте өзекті болды. Қазір жастардың арасында бұл біршама азайып келеді.

Дегенмен, біз кез келген зиянды құбылысты уақытында байқап, диагноз қойып, соған қарсы әрекет етуіміз керек.

Жалпы, біз аз халықпыз, бірақ тез үйренеміз, тез бейімделеміз. Қазақ халқының қабілеті жоғары.

Сондықтан осы артықшылықты дұрыс пайдалансақ, қоғамды да тез дамыта аламыз деп ойлаймын.

- Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге алғыс білдіремін.