Премьер-министр елді тонағандарды жауапқа тартатын мәлімдеді

Бүгін, 10:23 / Arasha.kz
Фото: Canva AI арқылы жасалды.

Венгрияда өткен сайлаудан кейін Петер Мадьяр премьер-министр атануға дайын. Ол жеңістен кейін елді тонағандарды жауапқа тартатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мадьярдың «Тиса» партиясы парламенттегі 199 орынның кемінде 138-ін алып, басым көпшілікке ие болды. Бұл оған заңдарды өзгертуге және бұрынғы билік енгізген жүйені қайта қарауға мүмкіндік береді. Саясаткер бұл жеңісті жай билік ауысуы емес, «жүйенің толық өзгеруі» деп бағалады.

Жаңа үкіметтің басты уәделерінің бірі – жемқорлықпен күрес. Мадьяр ел қаржысын заңсыз иемденгендерді жауапқа тарту үшін арнайы орган құратынын айтты. Сонымен қатар, сот жүйесінің тәуелсіздігін қалпына келтіру және БАҚ еркіндігін қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Ол сондай-ақ Еуроодақпен қарым-қатынасты жақсартуға ниетті. Будапештке бұғатталған миллиардтаған еуро қаржыны қайтару үшін реформалар жүргізілмек. Венгрия Еуропалық прокуратураға қосылып, қаржының жұмсалуына сыртқы бақылау енгізуі мүмкін.

Мадьяр конституцияға өзгеріс енгізуді де ұсынды. Соның ішінде премьер-министрдің өкілетін екі мерзіммен шектеу қарастырылып отыр. Бұл өзгеріс қабылданса, Виктор Орбанның қайта саясатқа оралу мүмкіндігі шектелуі ықтимал.

Сарапшылардың пікірінше, бұл жеңіс Венгрия үшін жаңа кезеңнің басталуы. Бірақ реформалардың қалай жүзеге асатыны алдағы уақытта анықталады.

Тэгтер:

ел премьер-министр жемқорлық венгрия күрес тонау жауапқа тарту Петер Мадьяр