Трамп өзін Иса сезініп жүр ме?

Бүгін, 12:36 / Arasha.kz
Фото: ашық дереккөзден алынды

АҚШ президенті Дональд Трамп өзін Иса пайғамбарға ұқсатып көрсеткен жасанды интеллект арқылы жасалған суретті жариялап, қоғамның өткір сынына ұшырады. Кейін ол жазбасын өшіріп тастады.

Сурет Truth Social желісінде жарияланған. Онда Трамп ауруханада жатқан адамды «емдеп тұрған» кейіпте бейнеленген. Артқы фонда мистикалық элементтер қосылған. Бұл жарияланым әлеуметтік желілерде тез таралып, әсіресе оның діни көзқарастағы жақтастарының наразылығын тудырды.

Көптеген консервативті пікір иелері бұл әрекетті «қабылдауға болмайтын» және «қорлау» деп бағалады. Кейбірі Трамптан кешірім сұрауды талап етті. Тіпті оны қолдап жүрген белгілі тұлғалардың өзі бұл қадамды түсінбейтінін ашық айтты.

Трамп кейінірек бұл суретті «әзіл» ретінде түсіндірді. Оның айтуынша, бейне өзін дәрігер ретінде көрсетуге арналған. Дегенмен, бұл түсініктеме сынның бетін қайтара алмады. Ақыры жарияланым өшірілді.

Бұл оқиға Трамп пен католик шіркеуі арасындағы шиеленіспен қатар өрбіді. Ол Рим папасын да сынға алып, пікірталасты күшейткен еді. Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай саясат пен дін тақырыбының қаншалықты сезімтал екенін тағы бір рет көрсетті.

Тэгтер:

АҚШ Трамп Иса құдай пайғамбар