Блогерлер жалпы құны 72 млрд теңге болатын табысын жасырған

Бүгін, 15:04 / Камила Дүйсен
Фрипик

Елімізде 854 блогер табыстарын 72 млрд теңгеге төмендетіп көрсеткен, деп хабарлайды Қазақпаратқа сілтеме жасап Arasha.kz. Бұл туралы Қаржы министрі Ержан Біржанов айтты.

- Біз блогер, журналист немесе сауда-саттық орнында сауда жасайтын субъекті деп бөлмейміз. Барлық салық төлеуші салық заңнамасы аясында міндеттемелерін орындауы тиіс. Ол - заңда, Салық кодексінде көрсетілген міндет. Дегенмен, бұл санатқа (блогерлер) мониторинг жүргіземіз. Бір жылдың ішінде 1 586 хабарлама 854 блогерге жіберілді. Олардың табысы 72 млрд теңгеге төмендетілгені туралы хабарлама берілді. Соның аясында жұмыс істелінді. 622 блогер қосымша салық нысандарын тапсырды. Табыстарын 18,3 млрд теңгеге ұлғайтып, 1 млрд теңгедей салық төледі. Енді тағы 600 млн теңге салық төлеуге нұсқама берілді, - деді вице-министр Үкімет отырысынан кейін.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта 7 блогерге қатысты тексеру жүріп жатыр. Олардың қосымша саналған салық мөлшері 10 млн теңгеден асады.

- Егер осы шаралардан кейін өз еркімен төлемесе және сомасы жоғары болса, онда құқық қорғау органдарына жүгіну арқылы өндіреміз. Өкінішке орай олардың аты-жөндерін айта алмаймыз. Салық құпиясы саналады, - деді Ержан Біржанов.
Айта кетейік, Ішкі істер министрлгі заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін халықаралық іздеуде жүрген блогер Қайсар Хамзаны ұстады.

Тэгтер:

салық блогер Қайсар Қамза жаңалықтар Мемлекеттік кірістер комитеті