Ақмола облысында 58 млн теңге жымқырған есепші 7 жылға сотталды

Бүгін, 15:49 / Камила Дүйсен
Фрипик

Ақмола облысында бюджет қаржысын жымқырған есепшіге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Arasha.kz. Облыстық прокуратураның мәліметінше, Жақсы ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің жанындағы «Аудандық мәдениет үйі» МККК қызметіне жүргізілген тексеріс барысында ірі көлемдегі қаржы жымқыру фактісі анықталған.

Тексеру нәтижесінде есепшінің кәсіпорын қаражатын заңсыз түрде өзінің банктік шотына аударып отырғаны белгілі болды. Жалпы келтірілген шығын көлемі 58 млн теңгеден асады.

Аталған дерек бойынша аудан прокуратурасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастап, іс сотқа жолданған.

Сот шешімімен мәдениет үйінің есепшісі 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда Қылмыстық кодекстің 74-бабына сәйкес, жазаны өтеу мерзімі 5 жылға кейінге қалдырылған.

Қазіргі уақытта үкім заңды күшіне енген жоқ.

Тэгтер:

сот ақмола есепші бухгалтер