Жұмыс беруші төлейтін жаңа жарна: қазақстандықтарға өмір бойғы қосымша зейнетақы беріледі

Бүгін, 11:51 / Камила Дүйсен
Freepick

Қазақстанда зейнетақы жүйесіне енгізілген жаңа тетік жұмыс істей бастады. Енді жұмыс берушінің есебінен төленетін жарналар арқылы азаматтар өмір бойы қосымша зейнетақы алуға мүмкіндік алады, деп хабарлайды Arasha.kz. Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл өзгеріс қызметкерлердің болашақтағы әлеуметтік қорғалуын күшейтуге бағытталғанын мәлімдеді.

Қазақстанда зейнетақы жүйесін жаңғырту жалғасып жатыр. Соның бірі – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ). Бұл тетік қызметкерлердің болашақтағы қаржылық тұрақтылығын арттыруға бағытталған.

Министрлік мәліметінше, жаңа жүйенің басты ерекшелігі – жарналар қызметкердің жалақысынан ұсталып қалмайды, толықтай жұмыс берушінің қаражаты есебінен аударылады.

«Бұл норма әрбір жұмыс істейтін қазақстандық, әсіресе жас буынның сенімді қаржылық қорының болуы үшін енгізілген. Енді азаматтардың болашақ зейнетақысы үш көзден: мемлекеттік базалық төлем, БЖЗҚ-дағы жеке жинақтар және жұмыс берушіден келетін қосымша шартты-жинақтаушы бөліктен құралады», – деп түсіндірді ведомство.

Осылайша, жаңа тәсіл азаматтарға қосымша зейнетақы төлемдерін өмір бойы алуға мүмкіндік береді. Әсіресе 1975 жылғы 1 қаңтардан кейін туғандар үшін бұл маңызды, өйткені олардың зейнетақысы аударымдардың тұрақтылығына тікелей байланысты.

2026 жылы жұмыс беруші төлейтін жарна мөлшері қызметкер табысының 3,5 пайызын құрайды. Жүйе кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр, 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш 5 пайызға дейін өседі.

Жаңа механизмнің тиімділігі қазірдің өзінде байқала бастаған. Ресми дерекке сүйенсек, 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 5,8 миллион қызметкер қосымша зейнетақы құқықтарымен қамтылған. Жыл басынан бері олардың шоттарына 951 миллиард теңге аударылған.

Министрлік сондай-ақ бизнеске түсетін салмақ та ескерілгенін атап өтті.

«Салық кодексіне сәйкес, жұмыс берушілердің ЖМЗЖ төлеуге жұмсаған шығындары корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегеріледі. Бұл жұмыс берушілерді ашық әлеуметтік саясат жүргізуге және қызметкерлерінің болашағына жауапкершілікпен қарауға ынталандырады», – делінген хабарламада.

Тэгтер:

зейнетақы жаңалықтар жұмыс беруші жарнасы