Концерт билетін алғанда сақ болыңыз: ІІМ алаяқтық көбейгенін ескертті

15 сәуір, 2026 / Камила Дүйсен
Freepick

Қазақстанда концерттер мен бұқаралық іс-шараларға билет сатып алу кезінде алаяқтық деректері жиілеп барады, деп хабарлайды Polisia.kz сайтына сілтеме жасап Arasha.kz. Ішкі істер министрлігі азаматтарды интернет арқылы билет алуда мұқият болуға шақырды. Құзырлы органның мәліметінше, желіде жалған хабарландырулар мен күмәнді ұсыныстар көбейген. Мұндай жағдайда адамдар ақша аударып, кейін билетсіз қалуы мүмкін.

Ішкі істер министрлігі концерт билеттерін сатып алу кезінде жиі кездесетін алаяқтық әрекеттер туралы ескертті. Ведомство мәліметінше, интернетте концерттер мен түрлі іс-шараларға билеттерді сату немесе қайта сату туралы жалған хабарландырулар тарап жатыр.

Алаяқтар өздерін делдал ретінде таныстырып, билетті сатып алуға көмектесетінін айтады немесе оны нарықтағы бағадан қымбатқа ұсынады. Кей жағдайларда олар жалған билет таратып, сенімге кірген адамдардан алдын ала ақша алады. Соның салдарынан азаматтар қаржысынан айырылып, іс-шараға кіре алмай қалуы мүмкін.

ІІМ өкілдері мұндай жағдайлардың алдын алу үшін билеттерді тек ресми және тексерілген платформалардан сатып алуға кеңес береді. Сонымен қатар бейтаныс адамдарға ақша аудармау қажеттігін ескертеді.

«Азаматтарды сақ болуға шақырамыз. Билеттерді тек ресми көздерден сатып алып, күмәнді ұсыныстардан аулақ болған жөн», – деді ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек.

Тэгтер:

концерт алаяқ билет жаңалықтар полициа