Қазақстанда кейбір азаматтардың мерзімі өткен несиелері табысы мен мүлкі тексерілмей-ақ есептен шығарылуы мүмкін, деп хабарлайды Arasha.kz порталы Tengrinews-ке сілтеме жасап. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді. Жаңа тәсіл әсіресе ұзақ уақыт бойы өтелмеген қарыздарға қатысты қолданылады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, қазіргі талап бойынша мерзімі өткен несиені есептен шығару үшін екі шарт сақталуы тиіс: азаматтың табысы екі ең төменгі жалақыдан (170 мың теңге) аспауы және оның атына тіркелген мүлкі болмауы қажет.
Алайда бұл талаптар барлық борышкерге бірдей қолданылмайды. Егер несиенің мерзімі 5 жылдан асып кетсе, табыс пен мүлікке қатысты шектеулер күшін жояды.
«Егер қарыздың мерзімі 5 жыл және одан да көп болса, бұл екі талап қолданылмайды. Азамат еш кедергісіз жүгініп, табысы мен мүлкіне қарамастан қарызын есептен шығара алады», – деді Мәдина Әбілқасымова.
Сонымен қатар жаңа жүйеде «проактивті банкроттық» тетігі енгізіледі. Яғни мемлекет өзі әлеуетті борышкерлерді анықтап, оларға банкроттық рәсімін қолдану мүмкіндігі туралы хабарлама жібереді. Бұл жұмысты Қаржы министрлігі жүргізеді.
«Азаматтарға SMS арқылы хабарлама жіберіліп, банкроттық рәсімін қолдану ұсынылады. Қазір бұл мүмкіндікті пайдаланатындар көп емес», – деді агенттік төрайымы.
Банкроттық рәсімі орта есеппен алты айға дейін созылады және екі түрге бөлінеді: соттан тыс және сот арқылы.
Соттан тыс банкроттық қарыз көлемі 1600 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын, мүлкі жоқ және төлем мерзімі 12 айдан асқан азаматтарға қолданылады. Өтініш беру үшін жеке сәйкестендіру нөмірін көрсету жеткілікті, сондай-ақ ерлі-зайыптының келісімі қажет болуы мүмкін. Бұл рәсімді eGov.kz порталы, e-Salyq Azamat, eGov Mobile қосымшалары немесе халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы рәсімдеуге болады.
Ал қарыз көлемі жоғары немесе мүлкі бар азаматтар үшін сот арқылы банкроттық рәсімі қарастырылады. Бұл жағдайда кредиторлар тізімі, қарызды растайтын құжаттар мен мүлік туралы мәліметтер ұсынылып, іс сотта қаралады.
Айта кетейік, 1 шілдеден бастап Қазақстанда несие беру талаптары да өзгереді. Банктер қарыз алушылардың төлем қабілетін қатаң бағалап, борыштық жүктеме деңгейіне ерекше мән беретін болады.