Ақтау маңындағы ұшақ апаты: Ресей Әзербайжанға өтемақы төлейтін болды

Бүгін, 19:18 / Камила Дүйсен
Фото: instagram.com/mangystau_audany

Ақтау маңында апатқа ұшыраған AZAL әуе компаниясының ұшағына қатысты Ресей мен Әзербайжан ортақ шешімге келді, деп хабарлайды Arasha.kz. Бұл туралы екі елдің сыртқы істер министрліктері бірлескен мәлімдеме таратты.

Құжатта Ресей Федерациясы мен Әзербайжан Республикасы президенттерінің 2025 жылғы 9 қазанда Душанбеде қол жеткізген келісімдері негізінде тараптар апат салдарын реттеу мәселесін толық келісіп алғаны айтылған. Оның ішінде өтемақы төлеу мәселесі де бар.

«Embraer 190 ұшағының апатына Ресей Федерациясының әуе кеңістігінде әуе қорғаныс жүйесінің байқаусыз әрекеттері себеп болғаны анықталды», – делінген бірлескен мәлімдемеде.

Тараптар бұл қадам екі ел арасындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталғанын атап өткен.

«Қабылданған шешімдер одақтастық серіктестік аясында өзара тиімді қарым-қатынасты одан әрі дамытуға деген ниетті көрсетеді. Ресей мен Әзербайжан арасындағы байланыстардың өзара құрмет пен сенім негізінде ілгерілеуі халықтар игілігі үшін ынтымақтастықты кеңейте береді деп сенеміз», – делінген құжатта.

Сондай-ақ екі ел қаза тапқандардың жақындарына тағы да көңіл айтып, зардап шеккендердің барлығына қолдау білдірді.

Еске салайық, 2024 жылғы 25 желтоқсанда Баку – Грозный бағытымен ұшқан жолаушылар ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшыраған болатын. Қайғылы оқиға салдарынан 38 адам қаза тауып, 29 адам түрлі деңгейде жарақат алды.

Тэгтер:

ресей ақтау Ұшақ ұшақ апаты Әзербайжан жаңалықтар