15 сәуір күні Қахраманмараш өңіріндегі орта мектептердің бірінде жантүршігерлік оқиға болды. 14 жастағы оқушы қару қолданып, тоғыз адамның өмірін қиды, тағы 13 адам түрлі деңгейде жарақат алды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, сегізінші сынып оқушысы мектепке әкесіне тиесілі тапаншаны алып келген. Белгілі болғандай, оның әкесі полиция қызметкері болып жұмыс істейді.
Жасөспірім бесінші сынып оқушылары оқитын екі сыныпқа кіріп, оқ жаудырған. Соның салдарынан 8 оқушы мен 1 мұғалім қаза тапты. Ал жараланғандардың алтауының жағдайы ауыр деп бағалануда.
Қанды шабуылдан кейін күдікті өзіне-өзі оқ атқан. Бұл ақпаратты аймақ басшысы Мүкеррем Үнлюер растады.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаларда оқушылардың үрейленіп, мектептің екінші қабатынан секіргені, сондай-ақ қарулы шабуылдаушының дәлізде адамдарға оқ атқаны көрінеді. Оқиға орнына жедел жәрдем көліктері мен полиция қызметкерлері шұғыл жетіп, мектеп маңына көп адам жиналған.
Қазіргі уақытта шабуыл жасаған оқушының әкесі ұсталды. Ал қолданылған қарудың дәл сол адамның меншігі болуы мүмкін екені айтылуда.