Елімізде ғылымға бөлінетін қаржы алты есеге көбейген

26 наурыз, 2026 / Ахмет Қанатұлы
freepik.com

Елімізде ғылым саласы айтарлықтай дамып келеді. 2020 жылдардан бері қарай зер салып қарасақ, Қазақстанда ғалымдар саны 30%-ға артыпты. Ғылым және жоғары білім министрлігінің деректеріне жүгінсек, өткен жылы Қазақстанда түрлі ғылыммен айналысатындар саны 28 374-ке жетіпті. Бұл дегенің ғылым саласына 6 мыңнан аса жаңа маман келгенін білдіреді, көбін 40 жасқа дейінгілер құрайды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Байқағаныңыздай, ғылым саласына жастар келе бастаған. Әдетте біздің елде ғылым кенжелеп қалған,  тек шетелдер дамып алда келе жатыр деген жаңсақ пікір қалыптасып қалған. Қазақстанда да соңғы жылдары ғылым саласында интеллектуалдық және медицина, биологиялық қауіпсіздік, цифрлық және ғарыштық технологияларға, ауылшаруашылығына, экология мен энергия бағыттарына көп басымдық беріліп жатыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ел қоржынынан ғылымға бөлінетін қаржыны алты есеге көбейтті. Алайда ғылым мен инновацияны дамыту үшін мемлекет қаржы бөлгенімен әлі де жеткіліксіз дейді сарапшылар.

Айталық 2020 жылы 116,7 млрд теңге бөлінсе, 2024 жылы 261,3 млрд теңге бөлінген. Елімізде ғылым жолына түскен жастарға қандай қолдау көрсетілуде? Мемлекет білім беру және кадр даярлау үшін 2025-2026 жылдары докторантураға 2919 грант бөлген. «Болашақ» бағдарламасына 50 грант ұсынған. Ғылыми жобаларға келсек, үш мыңдай жоба қаржыландырылған. Екі мыңнан аса жас ғалымға сыйақылар мен мемлекеттік стипендиялар қарастырылды. Бұдан бөлек жас ғалымдарға 646 баспана, оның 122-сі өтеусіз берілсе, қалған 524-і ипотека арқылы рәсімделген.

Жалпы, қазақ ғылымында даму бар ма деген сауалға келсек, соңғы үш жылда 774 патент алынып, 887 ғылыми жұмыс өндіріс барысында іске асырылған. 12 мыңнан аса ғылыми жұмыс жарыққа шықты.

Тағы бір айта кететін жайт, еліміздегі 20 жоғары оқу орны халықаралық рейтингте өз орындарын нығайтқан. Ал Назарбаев университеті әлемнің ең үздік 200 жоғары оқу орындарының қатарына енді.