Қазақстан Тәуелсіздік алғалы тек қана экономикасын дамытып, өз мүддесін ғана көздемей, ұлтаралық татулықты да қатар сақтап келе жатқан мемлекет. Қоғамда келісім орнап, ауызбіршілікпен келелі жұмыстар істелінсе – кез келген сала алға басары сөзсіз. Осы ретте Қазақстандағы түрлі ұлттардың достығы өзге мемлекеттердің де қызығушылығын туғызып келеді.
Global Peace Index жүргізген зерттеулерге сәйкес, Қазақстан 163 елдің ішінен 59-орынға тұрақтағаны анықталды. Бұл еліміздің бейбітсүйгіш, тұрақты қоғам болып қалыптасқандығының айғағы.
Бір ғана мысал, құрылғанына 31 жыл болған Қазақстан халқы Ассамблеясы айтуға тұрарлық. Тәуелсіздігімізді ала салысымен мемлекет алдында 130-дан астам ұлттың бірлігі мен татулығын сақтап қалу секілді маңызды міндет тұрды. Сол кездері құрылған Ассамблея өзінің өміршеңдігін көрсетіп, міндетін қазірге дейін қалтқысыз атқарып келеді. Қоғамдық келісімнің мызғымауына мұрындық болған бірегей институт ретінде ролі орасан зор.
ҚХА құрылғалы ұлттар арасында достықты нығайтып, түрлі мәдени қарым-қатынастардың берік болуына жол ашты. Елімізде өзге тілде 30-дан аса газет-журнал мен 15 тілде телеарна мен радио хабар жарыққа шығады.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы этностар арасындағы татулық моделі өзге мемлекеттер үшін тиімді үлгі.