Қарағанды облысында аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен 43 жастағы ер адам қолға түсті. Ол бес жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, күдікті қала тұрғынын қорқытып, күш көрсету арқылы 117 миллион теңге бопсалады деген айыпқа ілінген.
Құқық қорғау органдарының айтуынша, ол ұзақ уақыт бойы жасырын өмір сүріп, тергеуден бой тасалап келген. Күдікті Қарағанды қаласындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде арнайы жасалған жасырын орында ұсталған.
Қазіргі таңда ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.