АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Ливан басшылары телефон арқылы сөйлесу нәтижесінде уақытша бітімге келгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оның айтуынша, Жозеф Аун және Биньямин Нетаньяху өзара келіссөздер барысында 10 күнге атысты тоқтату туралы келісімге келген.
"Ливан президенті Жозеф Аунмен және Израиль премьер-министрі Биби Нетаньяхумен мазмұнды әңгіме жүргіздім. Екі ел арасындағы бейбітшілікке қол жеткізу мақсатында олар ресми түрде 10 күндік атысты тоқтату режимін енгізуге келісті", – деп жазды Трамп Truth Social желісіндегі парақшасында.
Бітім АҚШ-тың шығыс жағалауы уақыты бойынша сағат 17:00-де, яғни жергілікті уақытпен түн ортасында күшіне енеді.
Сонымен қатар, Трамп АҚШ-та соңғы 34 жылда алғаш рет Израиль мен Ливан өкілдері арасында ресми келіссөздер өткенін атап өтті.
Ақ үй басшысы жақын уақытта Жозеф Аун мен Биньямин Нетаньяхуды Вашингтонға шақыруды жоспарлап отырғанын да айтты.