Индонезияның Батыс Калимантан провинциясында Airbus H130 тікұшағы апатқа ұшырап, оның бортында болған сегіз адамның барлығы көз жұмды, деп хабарлайды Reuters.
Құтқару қызметінің басшысы Мохаммад Сяфидің мәліметінше, тікұшақ 16 сәуір күні таңертең Мелави елді мекенінен көкке көтерілген. Алайда небәрі бес минуттан кейін әуе кемесі радардан жоғалып кеткен.
Іздестіру жұмыстары барысында құтқарушылар апатқа ұшыраған тікұшақтың қалдықтарын тапты. Әсіресе, оның құйрық бөлігі болуы мүмкін сынықтар байланыс үзілген жерден шамамен 3 шақырым қашықтықтан анықталған. Алдын ала мәлімет бойынша, апат таулы аймақта болған.
Ресми дерекке сәйкес, борттағы алты жолаушы мен екі экипаж мүшесінің ешқайсысы аман қалмаған.
Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаның себептері анықталып жатыр.