Мұғалімдер неге наразы: аттестация төңірегінде тағы да дау туды

Бүгін, 16:31 / Камила Дүйсен
Freepick

Қазақстанда мұғалімдерді аттестаттау жүйесі тағы да өзгермек. Бұл жолы билік тестілеуді алып тастап, бағалауды нақты нәтиже мен тәжірибеге негіздеуді ұсындық дейді. Алайда жаңа талаптар ішінде Scopus/WoS деңгейіндегі ғылыми мақалалар секілді шарттардың айтылуы педагогтер арасында күмән туғызып отыр. Әлеуметтік желіде де "мектеп мұғалімінен академик жасаудың қажеті қанша" деген сыни жазбаларды көзіміз шалды. Көпшілік мұны мектептегі нақты жұмыстан алшақ «көрсеткіш қуу» деп қабылдауда. Қоғамда қызу талқыланып жатқан реформа расымен әділ жүйе қалыптастыра ма, әлде мұғалімдерді артық әуре-сарсаңға түсіре ме – басты сұрақ осы.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жаңа тәртіп бойынша ұстаздарды тестпен тексеру тоқтатылмақ. Енді олардың жұмысы нақты нәтижеге сай бағаланады. Яғни, мұғалімнің кәсібилігі оқушысының жетістігі, сабақ беру сапасы және өз тәжірибесі арқылы анықталады.

Министрлік бұл өзгерістер педагогтерді әділ бағалау үшін жасалып жатқанын айтуда. «Сонымен қатар, бұрынғыдай ақылы тестті қайта тапсыру талаптары алынып тасталады. ПББ-ны қайта тапсыру үшін төленген қаражат толық көлемде қайтарылады. Бұл норма алынып тасталғандықтан, тест енді аттестаттаудың міндетті шарты болмайды», – дейді ведомство.

Алайда бұл шаралар ұстаздар жаппай тарапынан қолдау тапқан жоқ. Әсіресе аттестациядан тестті алып тастау шешімі педагогтар арасында қызу пікірталас тудырды. Белсенді ұстаз Айман Сағидолла жаңа реформаның дайындалу процесінің өзіне күмән келтіреді.

«Бәрін өздеріңіз шешіп тастайтын болсаңыздар, бізді неге 4 ай жұмыс тобында ұстадыңыздар? Біз бұл өзгерістерді неге білмейміз? Белсенді мұғалімдермен ойын ойнағандай әсер қалдырды», – дейді ол. Оның айтуынша, қағазбастылық пен «қойылым секілді сабақтар» мұғалімнің негізгі міндетінен алшақтатып жіберген.

Сондай-ақ ол қазіргі жүйедегі ашық сабақтарға да сын айтты: «14-15 ашық сабақ өткізіп жүргенде балалар не оқиды? Бұл – кәдімгі театрланған қойылым. Мұғалім өз абыройын ойлап жүр, ал оқушының уақыты соған кетеді», – дейді ұстаз. Оның пікірінше, портфолио мен формализмді алып тастап, керісінше білімді нақты тексеретін тестті қалдыру керек.

«50 сұрақтан қашатын мұғалім 140 сұрақ шешетін оқушыны қалай дайындайды? Тесттен қорықпау керек. Қағаз бен «шоу» емес, нақты білім бағалануы тиіс», – деп түйіндеді Айман Сағидолла.

Мұғалім, Темірбек Нұрғазыұлы да жаңа ережелерге наразы екенін алға тартып отыр.

"Мұғалімдерді аттестаттаудың жаңа ережелер! Абсурд тұстары жетерлік екен. Мұғалімді баламен жұмыс істейтін шығармашыл ұстаз емес, құжат жинайтын бюрократ пен мақала жазатын академикке айналдыру ма?", – дейді ол өзінің Threads-тегі парақшасында.

Қоғам белсендісі Мейіржан Темірбек те жүйенің өзіне күмәнмен қарайтынын айтуда. Оның пікірінше, аттестация мұғалімді дамытудың құралы болуы керек, бірақ іс жүзінде ол формализмге айналып барады.

«Аттестация – тек санат алу емес, мұғалімді дамытатын құрал болуы тиіс. Егер ол педагог үшін жай ғана «тағы бір тексеріс» болып көрінсе – онда біз бір нәрсені дұрыс жасамай жатырмыз», – дейді ол. Сарапшы жиі өзгеретін талаптар жүйеге деген сенімді әлсіреткенін атап өтті.

Оның сөзінше, соңғы жылдары аттестация ережелері тым жиі өзгерген. «2016 жылдан бері бұл ережелер 15-ші рет өзгергелі отыр. Бір министр тоқтатады, екіншісі қайта өзгертеді. Сонда бұйрықтар ойыншық болғаны ма? Сабақтастық қайда?» – деп мәселені ашық қояды.

Сонымен қатар, ол заң мен нақты тәжірибе арасындағы алшақтыққа назар аударады. «Біреу тест тапсырады, біреу тек құжат өткізеді деген жағдай заңға сыймайды. Заң қатал, бірақ ол – Заң. Ал талаптар жиі өзгеретін жерде сенім де болмайды», – дейді Мейіржан Темірбек.

Министрлік өз кезегінде қоғамда тараған ақпараттарға қатысты түсініктеме берді. Ведомство жаңа аттестация ережелері әлі бекітілмегенін, құжат тек талқылау кезеңінде екенін атап өтті. Яғни, әлеуметтік желіде жүрген талаптар – соңғы нұсқа емес.

«Қазіргі уақытта құжаттың жобасы талқылау және келісу кезеңінде. Әлеуметтік желілерде таралып жатқан материалдар ресми бекітілген құжат болып табылмайды», – деп мәлімдеді министрлік. Ресми түсіндірме дүйсенбі күні өтетін брифингте берілмек.

Сондай-ақ ведомство бұл жолы ашық талқылауға мән берілетінін айтады. «Педагогтер қауымдастығының, сарапшылар мен қоғам өкілдерінің пікірлері біз үшін маңызды. Ашық әрі мазмұнды талқылау нәтижесінде тиімді және әділетті жүйе қалыптастыру көзделеді», – делінген хабарламада.

Дегенмен, мұғалімдер көтерген негізгі сұрақ өзгермей тұр: жүйе расымен жеңілдей ме, әлде талаптар тағы өзгере ме – бұл енді алдағы талқылаудан кейін белгілі болмақ.

Тэгтер:

мұғалім педагог ұстаз аттестация Оқу-ағатру министрлігі ОЗП ПББ