Маңғыстау облысында «Амaнат» партиясының өңірлік филиалы адасқан жануарларға қатысты заңды қайта қарау мәселесін талқылауға арналған іс-шара өткізді. Алайда жиынға қатысқан азамат бұл форматты «фарс» және «цирк» деп сипаттап, залдан шығып кетуге мәжбүр болды. Бұл турасында өзінің әлеуметтік желісінде Азамат Сәрсенбаев жазды, деп хабарлайды arasha.kz.
– Бұл алаңда ойды жеткізу мүмкін емес еді. Мәселенің шешу жолдарын сабырлы түрде айтуға мүмкіндік болмады, – деді ол.
Шенеуніктер статистика бере алмады
Белсендінің айтуынша, ветеринария саласының жауапты тұлғалары бір қарапайым сұраққа жауап бере алмады: 2022 жылы жануарларға гуманды қарауды міндеттейтін заң қабылданғаннан бері адасқан иттердің адам тістеп алу, жарақаттау жағдайлары қанша пайызға өсті?
– Осы сұрақты қойған бойда залда дау-дамай басталып кетті. Шенеуніктер нақты деректер келтіргеннің орнына «шақырылған азаматтардың» шуы мен реакциясы артына тығылды.
Ашық деректемелерде жарияланған статистикаға сүйенсек, гуманды қарау туралы заң қолданысқа енгеннен кейінгі кезеңде иттен тістелу және жарақат алу жағдайлары заң қабылданғанға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 11%-ға азайған. Алайда бұл деректер талқылау барысында бірде-бір шенеунік тарапынан айтылмады.
Депутат Е. Жаңбыршин Англия мен Түркия тәжірибесіне сілтеді – бірақ толық жеткізбеді
Заңның амбассадоры Еділ Жаңбыршин Англия, Дания және Түркия тәжірибесіне сілтеме жасады. Атап айтқанда, Түркияның 2024 жылы зарарсыздандырылған иттерді міндетті түрде қайтару туралы заңды жойғанын мысал ретінде келтірді.
Алайда ашық деректемелер бұл мәліметті толықтырады: Түркияда эвтаназия тек агрессивті жануарларға ғана қолданылады. Зарарсыздандырылып, егілген иттер бұрынғыша далаға шығарылады немесе отбасына орналасқанға дейін баспаналарда ұсталады. Яғни Түркия тәжірибесі де толыққанды «атып өлтіру» саясатын білдірмейді.
— Ыңғайлы болған жерде ғана дамыған елдердің тәжірибесін пайдалану – бұл адал пікірталас емес, – деді белсенді.