Павлодарда қайтыс болған адамдарға медициналық қызмет «көрсетілген»

Бүгін, 12:00 / Қайсар Қалам
Сурет: pexels

Павлодарда «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ қаражаты есебінен жалған медициналық қызмет көрсету, соның ішінде тар бейінді мамандардың қабылдауын марқұмдардың атына рәсімдеу фактілері анықталды, деп хабарлайды Arasha.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Павлодар прокурорлары халыққа медициналық көмек көрсетуге арналған бюджет қаражаты мен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ активтерінің жұмсалуын тексеру барысында жалған қызмет көрсету фактілерін анықтады. Мысалы, невропатолог, кардиолог, хирург, психолог және басқа да мамандардың қабылдауы қайтыс болған адамдарға «жүргізілген». Акушер-гинеколог дәрігердің кеңесі ер адамдарға «берілген». Сондай-ақ, емдеу қызметтерінің қайталануы үшін екі мәрте ақы төлеу жағдайлары тіркелді», - делінген  хабарламада.

Сонымен қатар, халыққа қажетті маман сертификаттарынсыз және тиісті рұқсаттарсыз медициналық көмек көрсету фактілері де белгілі болды.

«Қадағалау актілері бойынша бұзушылықтарды жою, рұқсат құжаттарын алу және кінәлі тұлғаларды заңда белгіленген жауапкершілікке тарту жұмыстары жүргізілді. Қабылданған шаралар нәтижесінде 100 миллион теңгеден астам соманың шығыны өтелді», - деп толықтырды ведомство өкілдері.

Бас прокуратураның мәліметінше, қазіргі уақытта сотта 62 миллион теңге мемлекет қаражатын жымқыру және медицина саласындағы заңсыз кәсіпкерлік нәтижесінде мемлекетке 41 миллион теңге шығын келтіру фактілері бойынша екі қылмыстық іс қаралып жатыр.
 

Тэгтер:

Павлодар медицина прокуратура жалған қызмет