Ақмола облысы Целиноград ауданы Қараөткел ауылының әкімі Бауыржан Абзалбеков жанжалдан кейін жұмыстан босатылдыдеп хабарлайды Arasha.kz сайты ҚазТАГ агенттігіне сілтеме жасап.
«Қараөткел ауылының әкімі Бауыржан Абзалбеков өз еркімен жұмыстан кету туралы өтініш жазды», - деп хабарлады Целиноград ауданының әкімдігі.
Мемлекеттік мекеменің кадр қызметі түсіндіргендей, ауылдың экс-әкімі аумақтық сайлау комиссиясына (АСК) өкілеттігін тоқтату туралы өтініш берген. Оның қызмет мерзімінің аяқталуына әлі екі жыл бар еді. Өз кезегінде АСК оның қызметтен кетуі туралы ұсынысты аудандық әкімдікке жолдады. Қазіргі уақытта жергілікті билік басшысының орны бос, жаңа әкім сайлауы қашан тағайындалатыны әзірге белгісіз.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы 26 желтоқсанда әкім Абзалбеков жұмыстан кейін кешкі уақытта полиция қызметкерлерінің сүйемелдеуімен бұған дейін Мемлекет басшысына шағымданған жергілікті тұрғынның үйіне ескертусіз барған. Әкімнің күтпеген сапары түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде тарап кетті. Онда әкімнің «бұл мәселені басқа арнада шешуге болады» деген сөзі қолданушылардың наразылығын тудырған болатын.
Халық тарапынан айтылған сын мен Әдеп кодексін бұзғаны үшін ендігі бұрынғы әкім 2025 жылдың желтоқсанында қатаң сөгіс, ал 2026 жылдың ақпанында қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту алған еді. Егер оның қызметінде тағы бір тәртіптік бұзушылық анықталса, оған теріс себептермен жұмыстан шығару жазасы қаупі төніп тұрған болатын.