Қазақстанда жұмыссыздық бойынша жәрдемақы төлеу мерзімі қысқартылып, оның ең жоғары мөлшері белгіленеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Төлемдерге келетін болсақ, неліктен өзгерістер енгізіліп жатыр? Иә, мұндай өзгерістер бар, мен оны растаймын. Олар қазіргі уақытта қордан анықталып жатқан кейбір схемалармен байланысты. Пандемияға дейін жұмыссыз адам жәрдемақыны тек төрт ай бойы ала алатын, пандемия кезінде бұл мерзім алты айға дейін ұзартылды және солай қалып қойды. Енді біз жұмыссыздық бойынша жәрдемақы төлеу мерзімін төрт айға дейін қысқартамыз», - деді Ертаев сейсенбі күні үкіметте өткен брифингте.
Сонымен қатар, министрдің айтуынша, қазақстандықтар үшін жұмыссыздық бойынша жәрдемақының ең жоғары мөлшерін белгілеу жоспарлануда.
«Қазір жәрдемақы төлеудің ең жоғары шегі қайта қаралып жатыр. Өйткені реттеуді қажет ететін тұстар бар. Қордың айналасында пайда болған «сұр схемаларды» жою керек. Мақсат - осы. Яғни, бізде жәрдемақы алғысы келетін азаматтардың арасында жұмыссыз ретінде 1 млн теңгеге дейін төлем алатындар бар. Мұндай болуы мүмкін емес. Жұмыс істемей-ақ осындай төлемдерді алуға болып тұр», - деп түсіндірді Еңбек министрлігінің басшысы.
Бұл ретте министр Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры дефолтқа ұшырауы мүмкін деген ақпаратты теріске шығарды.
«Қор тұрақты жұмыс істеп тұр. Қордың теңгерімі оң нәтиже көрсетіп отыр», - деп сендірді Ертаев.