«Ұлттық кітап» па, әлде «Кітап күні» ме? Термин қолданысындағы шикілік

Бүгін, 18:03 / Қайсар Қалам
Сурет: әлеуметтік желіден

Соңғы уақытта қоғамда, әсіресе мәдени ортада түрлі атаулар мен терминдердің орынды-орынсыз қолданылуы жиі талқыға түсіп жүр. Соның бірі — бүгін филология ғылымының докторы, профессор Ләззат Дүйсембекованың назарына іліккен «Ұлттық кітап» тіркесі. Ғалым кітапхана маңдайшасындағы «23 сәуір — Ұлттық кітап күні» деген жазуды көріп, бұл атаудың қисынсыздығына қатысты өз ойын желіде жазды, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Бүгін кітапханаға келсем, «23 сәуір - «Ұлттық кітап күні» деп жазып қойыпты маңдайшаға. Түсінбедім. Кітап «ұлттық» және «ұлттық емес» болып бөліне ме? Медицина мәселелері, математикалық формулалар, физика заңдары немесе философия сияқты барлық ұлтқа ортақ мәселелер жазылған кітаптар болуы мүмкін. Олар қалай ұлттық болады?», - деп жазды Л.Дүйсембекова.

Профессордың айтуынша, «ұлттық» деген анықтауышты кез келген затқа тіркей беру ғылыми тұрғыдан да, мағыналық тұрғыдан да қате.

«Ұлттық басылым» десек, жарайды, сол елдің аумағындағы баспаханаларда басылған өнімдер. «Ұлттық кітапхана» да сұрақ туғызбайды, «Бұл кітапхана сол ұлттың бүкіл жазба мұрасын сақтайды, басқа кітапханаларға қарағанда мәртебесі де биік» деген ұғым беріп тұр. «Ұлттық әдебиет» десек те түсінікті, белгілі бір ұлттың тілінде жазылған, сол ұлттың дүниетанымын, тарихын, рухни құндылықтарын, тұрмыс-салтын, тіпті, тағдырын баяндауы мүмкін. «Ұлттық киім» де сұрақ туғызбайды. Ол киім тек сол ұлтқа ғана тән. Бірақ «Ұлттық кітап» дегенді түсінбедім», - деп жазды ол.
 

Тэгтер:

кітапхана Ұлттық кітап термин Ләззат Дүйсембекова